Заманауи техника телевизиялық өндірісті қалай өзгертті? - Kazakh TV

Қоғам айнасы саналатын телевизия саласының заман ағымына сай түрленіп, техникалық тұрғыда жаңғырып тұруы заңдылық. Үздіксіз ақпарат таратудың қамында дыбыс жазу, бейне және таспа  құрылғылары мен бағдарламалық қамсыздану тұралап қалмай иновациялық көшке ілесіп жүруі тиіс. Әсіресе соңғы 10 жылдың ішінде қауырт қызмет техникалық жарылыс үрдісінің ажырамас бөлігіне айналды. Отандық арналарды сандық жүйеге алмастыру сала мамандарының жұмысын түбегейлі өзгертті. Сәлима Нигматулина саналы ғұмырының 20 жылын телевизия қызметіне арнап келеді. Kazakh TV арнасының техникалық бақылау маманы салаға иновация ендіріліп, жаңа дәуірге аяқ бастық дейді.

СӘЛИМА НИГМАТУЛИНА, KAZAKH TV АРНАСЫНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ МАМАНЫ:

- Бұрындары бір шағын ғана видеоматериалды жинау үшін 3-4 таспалық касcета қажет болатын. Соның барлығын ақтарып, арасынан іріктеп 30 секундтық бейнеақпарат шығатын. Ал бүгінде ол жұмысты бір орында отырып жасай береміз. Режисер мұрағатқа тапсырыс береді. Барлық қажетті бейне түсірілімдер ғаламтордың көмегімен біздегі «Далет» жүйесі арқылы бір компютерге түседі. Ешқайда шықпай-ақ кез-келген материалды монтаждаймыз.

Cynegy жүйесі «Хабар» агенттігінің соңғы ендірген жаңашылдықтарының бірі. Бұл автоматтандырылған бағдарлама телеөндіріске қатысушылардың қызметін тегістей жетілдіре түсті. Жүйе ұжымдық жұмыстың жылдамдығын 10 есеге дейін арттыруға мүмкіндік туғызды. Озық технология  ортақ өнімнің сапасын да  әлдеқайда жақсартуға сеп болды. Әсіресе бұл тың  үрдістің шарапатын уақыттан оза жүретін эфир апаратының мамандары көріп отыр.

АМАНГЕЛДІ ЫДЫРЫСОВ, KAZAKH TV ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ЭФИР РЕЖИССЕРІ:

- Cynegy жүйесінің басты артықшылығы материалды бірден эфирге таратады. Жаңалықты эфирден шығару үшін ақпарат жүктеле бастаса жеткілікті. Бұрынғыдай соңына дейін түскенше күтудің қажеті жоқ. Ол жүктеліп жатқан файлдарды бірден тікелей эфирде оқи алады. Бастысы қажет материалдың 5-10% жүктелсе, өзгесінің діттеген жеріне жететіні жөнінде қам жемеуге болады.

Телевизияны соны үлгідегі техникалық жарақтандырумен қатар саланың алдында жаңа мүмкіндіктер ашылып, сапалы өнім таратудың көкжиегі кеңейе түсті. Ширек ғасыр бұрын ойға келмейтін дүниелер бүгінгі таңда қалыпты жағдайға айналған. Мәселен, KazakhTV спутниктік телеарнасында қазір жаңалықтар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде бір уақытта үш арналы дыбыстық форматта беріледі. Бұл отандық телевизия саласының әлемдік талаптарға сәйкестендірілуінің бірден бір айғағы дейді, техникалық дирекциялар инженері Жанна Ахмадиева.

ЖАННА АХМАДИЕВА, KAZAKH TV АРНАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕРІ:

- Үш арналы дыбыстық таратылымға көшу үшін бізге арнайы сынақ жүргізу талабы қойылды. Бұл дегеніміз Еуропаға біздің сигналдың үздіксіз жетіп тұруын тексеріп, тұрақты шығуымызды қамтамасыз ету деген сөз. Телевизия бұл бір орында тұрып қалмайтын сала. Барлық техника жыл сайын жаңарып тұрады. Біздің мақсат халықаралық көштен қалмай қызметімізді жетілдіріп тұру.

Бұл жаңашылдықтар қазақстандық телевизия саласының үздіксіз даму кезееңдерінің бір бөлігі ғана.  Биыл  отандық арналар жаңа иновациялық шешімдермен толығатын болады. Бұл уақыт еншісіндегі заман талабы. Басты мақсат қалың аудиторияны сапалы телеөніммен қамтамасыз ету дейді, сала мамандары.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер