Қазақстанның киелі жерлеріне онлайн саяхат

Қазақстанның киелі жерлері шағын ғана смартфонда. Тарих тұнған жердегі қасиетті нысандарды біріктіретін мобильді қосымша әзірге андроид жүйесінде қол жетімді. Ал IOS нұсқасы жақын уақытта қолданушыларға жетпек. Қосымша – «Qazmap» интернет-сайтының шағын нұсқасы. Онда жалпыұлттық маңызы бар 100 нысан топтасқан.

ҚАЖЫМҰРАТ ТӨЛЕГЕНҰЛЫ, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ САРАПШЫСЫ:

- Әр өңірлердегі нақты координаттары, олардың қысқаша мәліметтері. Сонымен қоса олардың суреттері, пайдалы сілтемелердің барлығын осы интерактивті және виртуалды картадан табуға болады.

Республикалық және аймақтық дәрежедегі қасиетті нысандардың картасын тұрғындар Ұлттық Музейдегі «Рухани жаңғыру» залынан да көре алады. Жыл басында ашылған ауқымды көрмеге жәдігерлер еліміздің түкпір-түкпірінен жеткізіліпті. Мамандардың айтуынша, мұндағы әр бұйым, әр киім – тұнып тұрған тарих. Мәселен, мына құлын терісінен тігілген тон Міржақып Дулатұлына тиесілі.       

АҚБОТА САЙЛАУБАЕВА, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ЭКСКУРСИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУШІ МАМАНЫ:

- Бұл тайжақыны Міржақып Дулатұлы 3 жыл көлемінде киген екен. Тайжақы – сол дәуірдің ауқатты азаматтардың киетін негізгі сыртқы киімдерінің бірі болған. Бұның жасалу жолдарына назар аударсаңыздар, жылқының терісінен жасалған. Қысқы уақытта дамдар тоңбау үшін ішіне мақта тігілген екен.

«Рухани жаңғыру» тақырыптық залында осы және өткен кезеңнен сыр шертетін өзге де құнды жәдігерлер топтастырылған. Ал келесі ауқымды көрме мамыр айына жоспарланып отыр. Келушілердің назарына еліміздің батыс өңірінде және қасиетті нысандарда табылған бұйымдар ұсынылады.