Ақпарат майданының көзге көрінбейтін сардарлары

Ақпарат майданының көзге көрінбейтін сардарлары

Мына 10 секундтық бейнеграфика ақпарат майданының көзге көрінбейтін сардарларының бір шоғыры – суретші-дизайнерлердің 2 апталық тынымсыз жұмысының нәтижесі. Ұшқыр қиял, тапқыр ой мен  шығармашылық дарын, заманауи техника мен компютерлік бағдарламалар жүйесін серік еткен бұл кәсіби топ арнаның көркемдік келбетін келістіріп, өңін ашатын ақпараттық кестелертүзіп, сандарға жан бітіріп сөйлетеді. Қазақ телевизиясы құрылғалы аса жауапты әрі маңызды қызметті қолмен жасайтын суретшінің орнын 90-шы жылдары дизайнерлер басты. Алғаш компьютерлік графика шыға бастаған 25 жылдан бергі уақытта бұл сала қарыштап дамып кетті. Қазіргі телеөнімнің 40%-ы графикалық дизайннан тұрады.

БАҒЛАН БЕХМҰХАМБЕТОВ, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ» АҚ ДИЗАЙН ЖӘНЕ ГРАФИКАЛЫҚ БЕЗЕНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Графикалық софт бағдарламалары мен техникалық мүмкіндіктер күннен күнге дамып келеді. Мәселен үш төрт жыл бұрын біз жұмысымыз  осыншама сапалы әрі жылдам жасалады деп ойламаған едік. Бізде «рендер» деген термин бар ол картинаны видеоға алмастыру дегенді білдіреді. Бұрын бұл іске уақыт көп жұмсалатын. Бүгінде оны әзірлеу өте жылдам өтеді. Есесіне жұмысымыз жңілдеп, оның нәтижесінің сапасы арта түсті. 

«Келісіп пішкен тон келте болмас» деген даналық сөз бар. Көгілдір экраннан қалың көрерменге таратылатын телеөнімді әрлеу үшін  кадрдан тыс талай жан тер төгіп еңбек ететіні мәлім. Дизайнердің көркем графикалық кестесін, тілшінің жазған мәтіні, таспагер түсірген материал, оқылған дауыс пен дыбыстық қыстырманы бір арнаға тоғыстыру – бейнеинженерге тапсырылатын іс. Арнадағы бейнемонтаж маманын  сюжеттің мінсіздігін қамтамасыз ететін мүсінші десек, артық болмас. Жұдырықтай жұмылған ұжымдық жобаны  тұйықтап, мән-маңызын бұзбай  артық тұстарын кесіп-өңдеу оңай шаруа емес. 

МАХАББАТ УАЙСОВА, БЕЙНЕИНЖЕНЕР:

- Бұл – көпшілік көрерменге көрінбейтін асқан шеберлік пен шыдамдылықты талап ететін іс. Біз өзіміздің жұмысымызда материалдың қыр-сырын ашу үшін түрлі техникалық әсерлер, бояуларды пайдаланамыз. Қазір сандық технологиялар дамыған заман. Сондықтан бұл мамандық үлкен сұранысқа ие.

Эфирдің сыртында жүрген бұл мамандар отандық телевизия саласының әлем көшінен қалмай өніп-өркендеуіне үлес қосып келеді. Олар жауапты әрі күрделі қызметерінде көрермен көңілінен шығу үшін замана лебіне ілесіп жоғары технологияның сан алуан әдсін шебер қолдана біледі.