Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы «Ақылды үйдің» жобасын ұсынды - Kazakh TV

Инженерлік желілерге тәуелді емес, жасыл технологиямен жарақталған ғимарат. Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы ұсынған «Ақылды үйдің» жобасы осындай. Шатырына күн панельдері орнатылған автономды нысан тәулік бойы өзін-өзі электр қуаты және жылумен қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар жоба авторы тұрғын үйдің жоғары қабатында тұратын адамдарға оттегі жетіспеушілігінің мәселесінің шешімін тапқан.

НАЗЕРКЕ АМАНҚОСОВА, НЗМ ОҚУШЫСЫ:

 - Мен үйдің төбесіне жылыжай орнаттым. Осылайша көпқабатты тұрғын үй кешендерінде тұратын тұрғындарды ауа алмасу жүйесі арқылы оттегімен толық қамтамасыз етуге болады.  

Дарынды оқушы әзірлеген келесі жоба да автономды. Қауыз жарған гүлге ұқсайтын ғимарат туристерге арналған. Жобаның күлте жапырақ пішіндес бөліктерінің төбесі күн панельдерімен жабылған. Автор онда экстремалды спорт орталығын орналастырмақ. 

БЕКМҰХАНБЕТ ЖҰМАЕВ, НЗМ ОҚЫТУШЫСЫ:

 - Бүгінде таңда Каспий теңізінің аралшықтары мұнай өндірісіне арналған. Ұсыныс ретінде тастаған оқушымның идеясын жандандыру үшін мен кішкене тоқталып кетейін. Туризмді дамыту мақсатында көз тартымды құрылыс жасады. Бұл үйдің тағы бір ерекшелігі – кез келген аймаққа қоюға болады, тіпті, аралшықтың ортасына да қоюға болады. Себебі тәуелсіз энергия көзі бар, су тұщыту орталығы бар, тұщы су қорын қамтамасыз ететін сүзгілері бар.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің тағы бір оқушысы жасыл технологиямен жарақтанған саябақ жобасын жасап шығарды. Шәкірттері көтерген бастамаларды жүзеге асыру үшін білім ордасының басшылығы инвесторлар іздестіріп жатыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер