Жылыжай шаруашылығын дамыту

Жылыжай – жөн кәсіп. Жаңа технологиялар бүгінде жеміс-жидек пен көкөністерді жыл он екі ай өсіруге мүмкіндік беріп отыр. Бабы келіссе, қысқа мерзім ішінде сапалы өнім алуға болады. Мысалы, оңтүстікқазақстандық шаруалар Кореяның технологиясын меңгеріп алыпты. Бұл кешенде климат бақылау жүйесі орнатылған. Оның көмегімен жыл бойы бірқалыпты температура сақталады. Түркістандық агроном Ғалымжан Шалтаев 35 сотық жылыжайға 12 мың түп болгар бұрышын егіпті. Егісіне лайықты күтім жасап, 30-35 тонна өнім алуды жоспарлап отыр.

ҒАЛЫМЖАН ШАЛТАЕВ, АГРОНОМ:

 - Мұның басқа жылыжайдан ерекшелігі – сыртының өзі 3 қабатты. Көріп отырғаныңыздай 3 перде бар. Барлығы жабылады. Перде жабылған соң, іші термос болады. Ыстық ауаны ұстайды. Осы арқылы солярканы эконом жасаймыз. Жылу кетпейді.

Оңтүстік өңірдегі жылыжайлардың 70 пайызы автоматтандырылған жүйеге көшкен. Мысалы, бір гектар жерден жылына 200 тонна қияр мен 400 тонна шамасында қызанақ алынады. Өткен бір жыл ішінде аймақта жылыжай шаруашылықтарының жалпы аумағы 18 пайызға артыпты. Бүгінде бір Түркістан қаласында 570 жылыжай орын тепкен.

ТӘЖІБЕК МҰСАЕВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Екі жылдың көлемінде соны 110 гектарға жеткізіп, оның ішінде өнеркәсіп үлгідегі жылыжайды 30 гектарға жеткізсек, өзімізді қала тұрғындарын толық қамтамасыз етіп артық өнімдерді басқа облыстарға алыс-жақын шетелдерге шығаруға мүмкіндік болады.

Оңтүстік өңірдің Сайрам ауданындағы кәсіпкерлер саңырауқұлақ жылыжайларын кеңейтуді көздеп отыр. 2,7 гектар аумаққа тағы 5 гектар қосу жоспарда бар. Голландиялық технологиялармен өсірілген таңсық ас саналатын саңырауқұлаққа нарықта сұраныс жоғары. Өнімнің басым бөлігі Алматы, Астана, Қарағанды қалаларына жеткізіледі. Өткен жылдың өзінде бұл жылыжайдан 200 тонна жоғары сапалы өнім жиналды.

АҚЖОЛ ТОРҚАБАЕВ, КӘСІПКЕР:

 - Тағы да үлкейткіміз бар. Ұрықты да өзіміз жасайтын, торф болады, бетіне төсейтін, оны Москвадан аламыз. Соларды да өзімізде жасасақ деген ниет бар.

Оңтүстік Қазақстан облысы жылыжай шаруашылығын өркендетуде өңірлер арасында көш бастап тұр. Мұндағы жылыжайлардың алып жатқан аумағы 1325 гектарды құрайды, бұл – ел бойынша көрсеткіштің 80 пайызы. Биыл облыста жылыжай аумағын 200 гектарға арттыру көзделген. Кешендердің басым бөлігі Сарыағаш, Қазғұрт, Ордабасы аудандарында және Түркістан қаласында орналасқан.