Киевтегі UNIT Factory мектебіне қазақтың 6 алғыр баласы қабылданды - Kazakh TV

Әлемге әйгілі француз кәсіпкері – Хавьер Нилдің ерекше әдісі бойынша Киевте бой көтерген UNIT Factory мектебіне қазақтың алты алғыр баласы қабылданды. Заманауи мектепте білім жүйесі өзгеше. Мұнда мұғалім мен декан, тіпті бекітілген сабақ кестесі де жоқ. Оқушылар өздеріне ыңғайлы уақытты ұсынады. Олар аптасына 7 күн әрі 24 сағат білімін жетілдіре береді. Маман даярлау аясы IT, техникалық қауіпсіздік, веб-әзірлеуші және мобильді бағдарлама құрастырушысы сияқты сегіз бағытты қамтиды.

ӘЛИМҰХАМЕД ТІЛЕКБАЙ, СТУДЕНТ:

 - Қатып қалған қағида жоқ, өзіңе қажетті мамандықты таңдап, ұнамаса алгоритм, криптография, графика не болмаса жүйелік администрация саласында біліміңді шыңдауға болады. Басқа оқу ордаларында 4 жыл бойы өзіңе ұнамаған мамандықты оқуға мәжбүрсің, ал бұл мектепте сен өзіңе қажет шамаң келетін мамандықты игересің.

АРХАТ ІЗБАСОВ, СТУДЕНТ:

 - Киберқауіпсіздік және UNIX операциялық жүйе. Осы бағыттарда мен жүргім келеді. Сол бағыттарды бітіріп алсам деген мақсат бар. Өйткені қазіргі кезде Қазақстанда киберқауіпсіздіктің деңгейі өте төмен. Сол себепті мен Қазақстанның киберқауіпсіздігін жоғарғы көтергім келеді.

Оқу үш жылға созылады. IT фабрика деп бағаланған мектепте жастар инновациялық шешім қабылдау, сандық жүйені шебер меңгеру мен ең бастысы бірігіп, командамен жұмыс жасауды үйретеді. Ал білімді мұғалім емес, балалар және компьютерлік бағдарлама бағалап отырады.

ВАСИЛИЙ ХМЕЛЬНИЦКИЙ, K.FUND ҚОРЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

 - Мектептің артықшылығы неде? Ең алдымен арнайы бағдарлама арқылы білім толықтырып қана қоймай, тәжірибені қатар алып отыруға болады. Бір тапсырманы орындаған оқушыға екінші тапсырма күрделеніп беріледі. Балалар бір-бірімен ақылдаса отырып, келесі тапсырманы орындайды.

Заманның ағымы мен талабына сай қарқын алған IT саласын дамыту аса қажет. Киевтегі мектептің де көздегені осы. Елімізден ең алғыр деп іріктеліп алынған жерлестеріміз саланың қыр-сырын меңгеріп, келешекте Қазақстандағы ақпараттық технологияны жан-жақты дамытпақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер