Қазақстан мен Ұлыбритания цифрландыру саласында ынтымақтасады

Қазақстан мен Ұлыбритания цифрландыру саласында ынтымақтасуға ниетті. «Ақылды қала - smart city» жүйесін құру және дамыту, қаланы жоспарлау және құрылыс жүргізуде озық технологиялар пайдалану бойынша әріптестік жасамақ. Осы ретте қазақстандық мамандар Біріккен Корольдіктің ең ірі ғылыми және өндірістік қалаларының бірі Бирмингемнің тәжірибесіне қызығушылық танытты. Бұл шаһар тамақ, металлургия, машина жасау өнеркісібі дамыған ірі индустриялық орталық саналады.  

ЕРЛАН ЫДЫРЫСОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛЫБРИТАНИЯДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Біздің бұл миссиямыз  бизнеске байланысты. Біз қоян-қолтық жұмыс істеуге жағдай жасайтын мүмкіндіктерге жол ашқымыз келеді. Бирмингем - жаңа идеялар, жасанды интеллект, цифрлық технологиялар орталығы. Және мұндағы тәжірибе біз үшін аса маңызды.

Ұлыбритания Қазақстаның цифрландыру жүйесі мен экономикалық және саяси жаңғырту бағытын толығымен қуаттайды. Олар Мемлекет басшысының Жолдауы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне ерекше қызығушылық танытып отыр. Бирмингем қаласының басшылығы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.  

АФЗАЛ АМИН, ИНВЕСТИЦИЯ ЖӘНЕ САУДА ЖӨНІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН-БРИТАН КЕҢЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Әсіресе үш басымдық бойынша Қазақстан үкіметімен әріптестік қарым-қатынас орнатылатын болады. Олар: мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, ауыл шаруашылығы саласы және тау-кен өндірісі.Мұның үшеуі бойынша да Бирмингемнің тәжірибесі мол және әріптестікке әзір. 

ТОНИ КЕННЕДИ,  БИРМИНГЕМ ҚАЛАЛЫҚ КЕҢЕСІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз экономикалық әріптестік орнатқымыз келеді және сол үшін осы міндеттемелерді қолға алып отырмыз. Сондай-ақ бизнес, білім беру және өзге де салалар бойынша көмектесуге дайынбыз. Қазір біз төртінші өнеркәсіптік революцияны бастан кешіріп жатырмыз және болашақ істерімізді де сіздермен бірге жалғастырғымыз келеді.

Қос елдің жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастығы «Цифрлы Қазақстан 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге аспақ. Сонымен қатар Қазақстан экономикасына бағытталатын британ инвестициясының көлемін арттыру жайы да назардан тыс қалмақ емес.