Биыл Қостанай облысында «ақылды» ет және сүт фермалары құрылады

Қазақстан өңірлерінде ақылды технологиялар енгізіліп жатыр. Мысалы, Қостанай облысында қабылданған цифрландырудың жол картасы шеңберінде 77 IT- жоба қолданысқа ендірілмек. Жобаның басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласына арналған. Нәтижесінде, биыл өңірде «ақылды» ет және сүт фермалары құрылады. Ал егін шаруашылығында нақты технологиялар қолданыла бастайды.

ДАРХАН ӘБДІКӘРІМОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Шаруашылықтағы процестерді цифрландыруға 200 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл қаржы әуеден бақылайтын құрылғылар, малдың ферма ішінде жүріп-тұруын тіркеу және бордақылау алаңындағы бейнебақылау құралдарын, ірі қара малдың салмағын өлшейтін жабдықтарды сатып алуға жұмсалады. 

Көптеген кәсіпорындар жаңа технологияларды ендіру жұмыстарын осыдан бірнеше жыл бұрын бастап кеткен. Бүгінде олар бұл шараның тиімділігін сезініп отыр. Атап айтқанда, өндіріс шығыны азайып, еңбек өнімділігі едәуір артқан. Сондай-ақ өнімнің сапасы да жақсартуға мүмкіндік туды, дейді кәсіпкерлер.

ТИМУР САДЫҚОВ, КӘСІПОРЫН БАСШЫСЫ:

 - Шикізатты қабылдап, дайын өнім өндірілгенге дейін, оны есепке алу, бақылау, калькуляция жасау сияқты жұмыстардың барлығы толықтай автоматтандырылды. Бұл шығынды азайтып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр.

Цифрландырудың жол картасы денсаулық сақтау саласын да қамтып отыр. 2018 жылдың соңына дейін елдің түкпір-түкпіріндегі барлық емдеу мекемелерінің 93 пайызы интернетке қосылады. Медициналық карта, емделуші туралы ақпарат жаңа электронды жүйеге көшеді.  

МЕЙІРЖАН МЫРЗАЛИЕВ,  ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бұрын өзімізбен бірге қалың медициналық картаны алып жүретін едік. Енді мемлекеттік бағдарламаның арқасында қаражат бөлініп, жыл соңына дейін электронды медициналық карталарға ауысамыз.

Қостанай облысы технологиялық инновацияларды қолданатын пилоттық аймақтар қатарына енді. Жаңа жобаларды әзірлеу кезінде жергілікті мамандар еуропалық тәжірибеге сүйенеді. Осы ретте олармен Италияның IT-мамандары тәжірибе бөлісуге ниетті.