Назарбаев Университетте стартап жобалар авторларының арасындағы байқау қорытындыланды

Қазақстандық үздік стартап жобалар қолданысқа енетін болды. Назарбаев Университетте инновациялық жобалар авторларының арасындағы байқау қорытындыланды. Қатысушылар қазылар алқасына жаңа технологиялар, медицина, ауыл шаруашылығы және энергия тиімділігі салаларындағы заманауи шешімдерін ұсынды. Байқау жеңімпаздары университет технопаркінің базасындағы бизнес-инкубация бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болмақ. Бұл жерде инвесторлармен танысып, өз жобаларын ұсынады. Жүзден астам команда байқауға қатысуға ниет білдіріпті. Олардың ішінде студенттерден бастап кәсіпкерлерге дейін бар.

БОЛАТ СҰЛТАНҒАЗИН, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ БИЗНЕС-ИНКУБАТОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз үш ай ішінде командаларды жоғары технологияларды компанияларға іріктеуге тырысамыз. Олар біздің технопарктің резиденттері ретінде жаңа, қызықты әрі жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асыра алмақ.

Бизнес идеяларына қолдау табуы үшін байқауға қатысушылар мейлінше қызықты стартаптар жасаулары тиіс. Келесі кезең – оны сәтті таныстырып, қазылар алқасы мен әлеуетті инвесторлардың сенімін жаулау. Комиссия болса, өз кезегінде әрбір қатысушыдан ерекше әрі экономикалық тиімді жобаларды күтеді. 

КОНСТАНТИН ГОРОЖАНКИН, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ИНТЕРНЕТ-БИЗНЕС ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Мен әрдайым 3 нәрсеге көңіл бөлемін. Мен үшін команда, идея, жалпы жоба жұмыс істейтін нарықта сұраныстың болуы маңызды.

Биыл «жасыл технологиялар» саласындағы жобаларға ерекше ден қойылды. Қоршаған ортаны қорғау мәселесі де бірқатар стартаптарға негіз болған. Мысалы, бір команда химикатсыз, жер қыртысына еш зиян келтірместен жеміс-жидек пен көкөністі жыл бойы өсіретін ферма құру идеясын ұсынды. Байқауға қатысушылардың идеялары сан алуан. Тағы бір команда қазақстандықтарға пластик ыдыстарды тапсырып, орнына дәл сол материалдан жасалған әсем бұйымдарды табыстауды жоспарлап отыр.

БИБІГҮЛ МАҚАЖАНОВА, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ:

 - Бұл жобаның экологиялық тұрғыда маңызы зор. Жалпы қазақстандықтар үшін пайдалы жоба деп айта аламын. Байқауда өте қызықты жобалар болады. Өзіміз арт-коммьюнитимен жұмыс істейміз. Бізге келіп, шеберханамызға  абонемент сатып алуға болады. Адамдар өздері алып келген пластикті өңдеп, үйлеріне ерекше бұйыммен оралады. Меніңше, бұл өте қызықты идея.

100 стартаптың ішінен қазылар алқасы 12 жоғары технологиялық жобаны таңдады. Олардың бәрі университеттің технопаркінде жүзеге аспақ және көп ұзамау барлығын қолданысқа енгізу көзделуде.