Қостанайдағы машина құрастыру зауыты жаңа технологияларды жетілдіре түспек

Қостанайдағы машина құрастыру зауыты жаңа технологияларды жетілдіре түспек

Қостанайдағы машина құрастыру зауыты жаңа технологияларды жетілдіре түспек. Өндірісті цифрландыру шыққан өнімнің сапасын арттырады, елге тиесілі үлесті ұлғайтады. Бүгінде ұсақ-тораптық құрастыру, сырлау, дәнекерлеу секілді жұмыстар автоматты түрде атқарылып жатыр. Компьютерлік бағдарламаға негізделген желі әрбір детальді қалт жібермейді әрі уақытты үнемдейді. Мұндағы дәнекерлеуші роботтар осыдан бес жыл бұрын орнатылыпты. Сәйкесінше сапа да сан да артқан. Қолданысқа енген жүйенің арқасында кей маркалардағы отандық үлес 36 пайызға жетіпті. Ал өткен жылы 6 мыңға тарта машина құрастырылды. Биылғы міндет – осы межеден асып түсу.

СЕРГЕЙ МОГИЛАТОВ, КӘСІПОРЫННЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Цифрланудың екінші кезеңінде өндірістік сараптаманы электрондық жүйеде жүргізу көзделіп отыр. Яғни логистика, жабдықтау процестері бір орталықтан бақыланатын болады. Осы арқылы, өндірісті ғана емес, әр жабдықтың қызмет мерзімін және көрсеткішін қадағалай аламыз.

Ал Қарағандыдағы ескі көліктерді утилизациялау зауытында өндірістік интернет толығымен қосылды. Орта Азияда теңдесі жоқ ірі кәсіпорын мамандары өндірістік автоматтандыру жүйесінің жұмыс барысын бір бекеттен бақылап,  зауыттың үзіліссіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр дейді. Өткен жылдың аяғында іске қосылған ірі зауыттың құны 3 млрд 400 млн теңгені  құрайды. Қазір кәсіпорын толық жұмыс істеу қуатына көшіп, жылына 50 мың ескі көлікті өңдеуге қауқарлы.

ӘЗІМЖАН ОСПАН, ЗАУЫТТЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Өндірістік интернет бізге жабдықты жеткізуші компаниямен әрқашан онлайн, яғни тікелей қосылымда болуға мүмкіндік береді.  Құрылғыларда ақау пайда болған жағдайда ол ғаламтор арқылы жойылып отырады.

Қазір ескі көліктерді өңдейтін зауытта үш цех жұмыс істеп тұр. Шредерлік, балқыту және пиролизді цех толық  автоматтық басқару жүйесіне қосылды. Цех жұмысшылары  басқару жүйесін жетік меңгеру үшін құрылғыларды орнатқан шетелдік мамандардан дәріс алған. Әр цехта орналасқан құрылғыны бір оператор басқарады. 

ПЕТР КОВАЛЕВ; ПИРОЛИЗДІ ЦЕХТЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Әр реактор бөлек басқарылады. Мысалға мына экранда жұмыстың барысын толық қадағалауға болады. Мұнда реактордың қызуын, пеш жанармайының шығуымен жанғыш газдың қысымы көрсетілген.

Қазір өндіріс ошағы  жылына 22 мың тоннадан астам қара және түсті металл, 2 жарым тоннаға жуық синтезгаз, 16 мың тонна пиролизді отын шығарады.