Қазақстандық кітапханаларға QR-кодтар енгізілуде

21 ғасырдың оқырманына арналған кітапхана. Цифрлық код осы салада да кәдеге жарады. Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі виртуалды кітапхана – соның дәлелі. Қазақ әдебиетіндегі үздік шығармаларды смартфонның көмегімен оқу үшін ұялы телефонның камерасын кодқа бағыттаса жеткілікті. Цифрлық қорда отандық және шетелдік авторлардың туындылары жинақталған. Оқырман қалауына сай қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің бірін таңдай алады.

ӘСЕЛ ӨМІРБЕК, ОҚУШЫ:

 - Сіз ең алдымен өзіңіздің ұялы телефоныңызға QR код ридер қосымшасын жүктеп аласыз. Қосымшаны жүктеген соң өзіңіз бұрыннан оқығыңыз келген кітаптың штрих-кодын көрсетесіз. Сосын сіздің ұялы телефоныңыздың экраны арқылы осы кітапты оқу мүмкіндігі пайда болады.

ӘСЕЛ ИСМАХАНБЕТОВА, НЗМ ТІЛДІК ПӘНДЕР БОЙЫНША ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

 - Бұл жобаны біз білім қорымен бірлесе отырып жүзеге асырдық. Алдымызға қойылған міндет - «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру. Үш тілділік саясатын жүзеге асыру және ең бастысы оқушыларымызды кітап оқуға шақыру.

Виртуалды кітапхананың басты қонақтары – зияткерлік мектептегі «Мувикс» үйірмесінің оқушылары. Мұнда аптасына бір рет жас киносыншылар мен режиссерлар бас қосады. Оқыған кітаптары мен көрген киноларын талқылайды.

ДАНА ЕРБЕРГЕНОВА, «МУВИКС» ҮЙІРМЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Үйірмені ашудағы мақсатым - оқушылардың сыншылық қабілетін ояту. Өзі оқыған кітап желісімен түсірілген фильмде режиссердің еңбегін бағалау. Осы арқылы көрерменге не жеткізгісі келгенін өз түсінігімен айту. Қызу пікірталас кезінде оқушылардфі ашылып, үш тілде сөйлеу мәнері жақсарғанына көз жеткізіп келемін. 

Жаңа технологияға негізделген кітапхана бір ай бұрын ашылған. Осы уақыт ішінде QR-коды 300 рет жүктеліп алыныпты. Оқу мекемесі кітаптар тізімін көбейтіп, виртуалды кітапхананың аясын кеңейтпек.