Қазақстандық стартапшылар «Гараж» жобасында. Жаңа технологияларға әуесқойлар үшін бизнес жобаларын жүзеге асырып, инвестор табуға бірегей мүмкіндік туды. Елордадағы Astana Hub халықаралық технопаркінің базасында «Гараж» стартап жобаларын инкубациялау бағдарламасы іске қосылды. Талантты жастар тізіміне 14 жастағы Ратбек Шәмшітов өзінің «TrainAut» жобасымен ілінді. Аутизм ауруына шалдыққан балаларға арналған қолданбалы бағдарламада түрлі жаттығулар бар. Мобильді қосымшаны смартфонға жүктеп алып, пайдалануға болады.

РАТБЕК ШӘМШІТОВ, СТАРТАП ЖОБАСЫН ӘЗІРЛЕУШІ:

 - Бәрі бұл видеоларды интернеттен көруге болады деп ойлайды. Бірақ біздің қосымша виртуалды маман және коммуникатор болып табылады. Оның көмегімен ата-аналар балаларымен жұмыс істейді. Мобильді қосымшаның балаларға көмегі зор. Себебі ата-ана ғана баласын аутизмнен айықтыра алады.

Телемедицина, жағармай бекетіндегі онлайн төлем және тағы басқа да тың жобалар келешекте барлық салада қолжетімді болады. Сәтті жобаның негізгі формуласы – инновация. Шығармашылық ұжымның қабілетіне қолдау болған инвестиция оң нәтижеге қол жеткізеді.

ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛАР МИНИСТРІ:

 - Елбасы Жолдауындағы біздің алдымызға қойған маңызды міндет - қала құрылысымен шектелмеу. Ол белгілі бір жүйемен жұмыс істеуді тапсырды. Астана қазақстандықтардың ғана емес, жас таланттардың ордасына айналуы керек. Оның алғашқы қадамы да қарқынды. Барлық стартапшылар орналасатын ғимарат керек екені анық.

Стартап-жобалар инкубаторын құру барысында жас инноваторлардан 150 өтініш келіп түсті. «Гараж» жобасына қалауын білдірген әр адам қатыса алады. Үздік деп танылған жобаның авторы өзінің идеясын жүзеге асырып одан әрі дамыту үшін тегін білім алады. Ал 2025 жылға қарай Қазақстандағы Айти компанияларды капиталдандыру көлемін 1 миллиард долларға дейін жеткізу көзделген. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер