Алматыда «Цифрлық Қазақстан» тақырыбы төңірегінде халықаралық техникалық саммит өтті

Әлемдік экономиканың заманауи дамуында адам капиталының маңызы зор. Алматыда осы тақырып төңірегінде халықаралық техникалық саммит өтті. Форумға жаңа технологиялар саласындағы әлемдік сарапшылар қатысып, пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Жиында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына да ерекше көңіл бөлінді. Оның шеңберінде қолға алынып жатқан шаралар туралы айтылды.  

РУСЛАН ЕҢСЕБАЕВ,  «ЗЕРДЕ» ҰЛТТЫҚ ИНФОКОММУНИКАЦИЯ ХОЛДИНГІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Бүгінгі таңда Шығыс-Қазақстан облысында жақсы тәжірибе бар. Қазақстан-Британ техникалық университеті мен «КазЦинк» компаниясы бірігіп табысты жұмыс істеп келеді. Осы тәжірибе еліміздің өзге кәсіпорындарында да қолданылады.

ҚАНАТ ҚОЖАХМЕТ, СҮЛЕЙМАН ДЕМИРЕЛ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:

 - Университет әрқашанда осындай индустриямен тығыз қарым-қатынаста болуы керек. Диалог болу керек. Жаңағы қандай трендтер бар болса соған қатысты біз оқу бағдарламамызға пән ретінде, кейбір кезде тәжірибе ретінде енгізуіміз керек.

Саммитте қазақстандық компаниялардың қолданысқа енгізе бастаған жаңа технологиялары көпшілік назарына ұсынылды. Мысалы, Бақыт атты мына робот клиенттерге кеңес береді. Ал мынау – биометриялық сервис қызметі. Бұл сервис адамдардың суреттерін салыстырады. Соңғы жылдары қызметтің бұл түріне сұраныс артқан.

РУСЛАН ОМАРОВ, БІРІНШІ НЕСИЕ БЮРОСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Биометриялық сервис не үшін қажет? Біріншіден верификациялық үдерістерді автоматтандыруды жеңілдетеді. Екіншіден алаяқтарға тосқауыл болады. Бұл сервис банк секторы үшін өте пайдалы.

Халықаралық форумда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында халық қажеттілігіне арналған нақты тұжырымдалар ұсынылды. Мысалы, енді Алматы мен Астанада пошта қызметін электронды жүйемен атқаруға болады. Мобильді қосымшаға орнатылған бағдарлама жүктің жөнелтілуін, оны қабылдап алуды, жеткізу секілді қысқаша ақпаратпен қамтамасыз етеді.