Цифрлық технологияның өндіріске енгізілуі

Президент Қазақстан халқына Жолдауында «Индустраландыру жобасы жаңа технологияларды енгізуде көшбасшы болуы тиіс», – деп атап өтті. Қарағанды құю-машина жасау зауыты заманауи сандық технологияларды енгізе бастады. Токар станоктардың орнын бағдарлама арқылы басқарылатын «ақылды» машиналар алмастырды. Оператор бағдарламадағы қажетті тетікті басса, цифрлы технология бар-жоғы 4 минутта дайын өнімді жасап шығарады.

ТИМУР МАШАЕВ, ЗАВОДТЫҢ БАС ТЕХНОЛОГЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

 - Заманауи қондырғы өнім дайындауда уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өнімнің сапасын дер кезінде тексеруге, оны станоктан шығармай тұрып, қатесін уақытында түзетуге болады.

Бүгінгі таңда өндіріс ошағы 100-ден астам адамды табыс көзімен қамтып отыр. Мұнда маман басына компьютер берілген. Зауытты жаңғырту жобасына кәсіпорын 14 млрд теңге жұмсаған. Неміс және ресейлік мамандардан зауыттың 95 жұмысшысы жаңа бағдарламаны арнайы үйреніп, тәжірибе алмасты.  

ГҮЛНАР БИЖАНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Мемлекет басшысы қай кезде де адами капиталдың бірінші орында екенін ерекше айтып өтті. Биыл компания мамандар даярлау мақсатында бюджеттен 600 млн теңге қаржы бөлді. Кәсіпорын КарМТУ оқытушыларының қатысуымен жаңа технологиялар мен құрал-жабдықтарды меңгеру үшін арнайы шеберлік сабағын ұйымдастырды.

Қарағанды құю-машина жасау зауыты аймақтағы өндіріс орындарын тау-кен құрал жабдықтарымен қамтамасыз етеді. Өткен жылы 6 жарым млрд теңгенің өнімін шығарды. Модернизация мен цифрлық жүйеге көшу -  бұл көрсеткішті еселеді.