Елордада «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағы жұмысын бастайды

Елордада «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағы жұмысын бастайды. Онда жоғары технологияға негізделген жобаларға басымдық берілмек. Жаңа құрылымның ел экономикасына қосар үлесі өлшеусіз болатыны айқын. Оған дәлел - осыдан 15 жыл бұрын құрылған «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы. Қазір мұнда 70- ке жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – жарық диодты шам шығаратын өндіріс орны осыдан жеті жыл бұрын ашылған. Бүгінде «ақылды» көше шамдарын өндіреді.

НҰРЛАН РАСУЛОВ, КОМПАНИЯ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Жаңа жобаларға қатысуға жоспарлап отырмыз. «Смарт сити» деп аталады. Көшелердегі шамдарға мынадай модуль қосып сондай шамдар шығарайық деп жатырмыз. Бұл шамдар компьютер арқылы, интернет арқылы қосып өшіруге болады. Басқа да функциялар қосуға болады. Камера, вай-вай. Осы прокт жүзеге асады деп сенеміз.

Индустриалдық аймақ жыл сайын жаңа кәсіпорынмен толығып отырады. Мұнда тамақ өнеркәсібі де, құрылыс материалдарын шығаратын зауыт та бар. Өндіріс орындары озық технологияларды қолданып, нарықта тауар айналымын бір жүйеге түсіріпті. Сондай-ақ, әкімшілік-іскерлік орталық қарқынды дамып, өткен жылы 300-ден аса нысан пайдалануға берілді. Олардың ішінде темір жол вокзалы, жабық мұз айдыны, хореография академиясы, көпсалалы тұрғын үй кешендері мен бизнес орталықтар бар. Бүгінде қаланың сол жағалауындағы жұмыстардың 70 пайызы толықтай игерілді.  

ЕРЛАН БЕКМЫРЗАЕВ, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бүгінде нөмірі бірінші индустриалдық парктің 95 пайызы жобалармен  толықты. Осыған орай, үкімет  «Астана-Технополис» экономикалық аймағын құру туралы шешім қабылдады. Қаулысы да шықты. Оған нөмірі екінші индустриалдық парк те қарайды. Сингапурдың Jurong Джуронг компаниясымен бірігіп, жоба жасалды. Бас қалаға негізінен қандай бағыттағы жобалар қажет. Соған басымдық беріледі. Аймақ сол жоспар бойынша жұмыс істейді.

Жаңа индустриялық аймақта заманауи технологиялық жобалар іске асырылмақ. Бағыт – Елбасы жолдауында айтылғандай индустрия 4.0 аясында қолға алынған міндеттерді жүзеге асыру. Бүгінде жаңа жобалар мұқият қаралып іріктелуде.