2020 жылға қарай Жамбыл облысында күн және гидроэлектр станциялары салынады

2020 жылға қарай Жамбыл облысында жаңартылған энергия көздері көбейіп, қуаттылығы 247 МегаВатт болатын алты жоба салынады. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен төрт нысан, яғни, күн және екі гидроэлектр станцияларын салу жоспарланып отыр. Мысалы, Жуалы ауданында Орталық Азиядағы ең ірі «Бурное Солар» күн электр станциясы құрылысының екінші кезеңі басталды. Нысанда қазір жұмыс қарқынды. Тіпті, келер жылдан бастап станция қуаттылығы арта түспек.

ИВАН ЗАБАРИН, СТАНЦИЯНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазір мұнда әрқайсысының қуаты 260 ватт болатын 192 мың панель бар. Ал екінші кезеңде қуаттылығы 270 ватт болатын 185 мың қондырғы орнатылмақ. Бірінші станция 50 мегаватт энергия өндіреді, екінші кезеңде де станциядағы энергия көзі 50 мегаваттқа тең болады.

Станциялардың жалпы қуаты 60 мыңға жуық шаруашылықты энергиямен қамтамасыз етуге қауқарлы. Сонымен қатар, екі жыл қолданыста болған гелио/электрстанциясы осы уақытта құны алты миллион теңге болатын 200 миллион киловатт электр энергиясын өндірді. Келер жылдың маусымында «Бурное Солар-2» жобасының құрылысы аяқталады. 2018 жылы тағы да бес «жасыл» жоба іске қосылады.   

МАМАТ ШӘКІРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Меркеде орналасқан электр станция каскадының қуаты 18 МВт болса, Тасөткелдегінің қуаты 5 МВт құрайды. Тұрар Рысқұлов ауданында қуаттылығы 24МВт және 100 Мвт  болатын, ал Шуда қуаты 50МВт жететін екі күн электр станциясының құрылысы басталмақ. 

Жамбыл өңірінде 2010 жылдан бері жел мен күн, судан энергия өндіретін 9 түрлі станция іске қосылған. Нысандар 118 мегаватт электр қуатын өндіреді. Бұл көрсеткіштің ішінде 4 су, 3 жел және 2 күн станциясының үлесі бар.  

ҚҰДАЙБЕРГЕН ҚОРҒАНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТКШ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 - 2017 жылдың 11 айының көрсеткіші бойынша жалпы 267 миллион киловатт/сағат электр энергиясы өндіріліп, облыс бойынша жалпы көрсеткіштің 10,1 пайызын құрады. 2018-2020 жылдар аралығында қосымша 6 жобаны іске қосу жоспарланып отыр, сонда жиынтық қуаты 267 мегаватт құрамақ.

2020 жылға Жамбыл өңіріндегі 15 қайта жаңартылатын энергия көздері нысандары 370 мегаватт қуат өндіреді. Құрылысқа 100 миллиард теңге шетелдік инвестиция тартылды. Бұл нысандар аймақ қажеттілігінің 50-60%-ға қамтамасыз ете алады, дейді сарапшылар.