Шетелге шығатын қазақстандықтарға арналған «SmartTravel KZ» мобильдік қосымшасы іске қосылды

Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері шетелге шығатын қазақстандықтарға арналған мобильдік қосымша жасады. «SmartTravel KZ» өзге елдердегі сақтандыру, құқық қорғау органдары мен қажетті  ұйымдардың нөмірлері сынды пайдалы ақпаратты қамтымақ. Сондай-ақ ол арқылы  медициналық кеңес те алуға болады. Авторлардың айтуынша, мобильдік қосымша шетелдердегі қауіпті оқиғалар, төтенше жағдайлар жайлы дер кезінде ақпарат береді. Әрбір қолданушы кез келген уақытта онлайн режимінде елдің консулдығының көмегіне жүгіне алмақ.  Мұндай қосымша әлемнің бірқатар елдерінде пайдаланылады. Атап айтсақ, АҚШ, Ресей елдерінің тұрғындарына арналған баламасы бар.

АРДАҚ МӘДИЕВ, ҚР СІМ КОНСУЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазіргі таңда бұл қосымшаны Android жүйесіндегі тұрғындар пайдалана алады. Бізде халықтың 60 пайыздан астамы осы операциялық жүйені қолданады. iOS қолданушылары үшін жұмыс біраз қиындау болды. Өйткені қосымшаны жаппай қолданысқа шығару үшін АҚШ-тан арнайы талаптар қойылған болатын. Бұл мәселе шешіліп отыр. Алдағы уақытта айфон қолданушылары да қосымша жүктеу мүмкіндігіне ие болады.