Орталық Азияда техникалық трансформациялау үрдісінің әлеуеті зор. Бұл халықаралық сарапшылардың пікірі. Мамандардың айтуынша қазіргі таңда аймақта ақпараттық технологиялар қарыштап, бизнестік үрдістер мен өндіріс жаппай автаматтық жүйеге көшіріліп, сандық саясаттың қауіпсіздігі артып келеді. Осы мақсатта елдер заман талабына сай әлемнің үздік тәжірибесінің озық деген үлгілерін кеңінен ендіріп жатыр. Ол «ақылды қалалар» мен мемлекеттік басқару жүйесіне дейінгі бар салаларда айқын көрініс табуда.

АНДРЕЙ БЕКЛЕМИШЕВ, «IDC» ОРТАЛЫҚ АЗИЯ АЙМАҒЫ БОЙЫНША ДИРЕКТОРЫ:

 - Мен Ташкентте өткен «бұлтты технологиялар» атты форумнан ұшып келдім. Өзбекстанда сандық технологияларды жетілдіруге қатысты ауқымды жобалар белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұндай технологиялық трансформация Душанбе мен Бішкекте де оң жолға қойылған. Ұдайы екі жақты, тіпті, көп жақты келісімдер жасалып, тәжірибе алмасып тұрсақ шарапатын әр ел тататын болады.  

НҰРБЕК РАХИМОВ, «TREND MICRO» ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БОЙЫНША БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Халықаралық компаниялардың Орталық Азия елдерінің нарығына енуі аймақтың технологиялық дамуына үлкен серпіліс тудырды. Әсіресе сандық саясаттың жетілуіне оң әсерін беріп келеді. Ақпараттық жүйелері дамып кеткен көшбасшы елдер Сингапур, Малайзия, Жапония мен АҚШ-тың озық үлгілерін  ендіріп, шеберлік алмасу біздің тәжірибемізді арттыруға сеп болуда.   

Құрлықтағы  шекаралас мемлекеттер бұл орайда Қазақстанға көз тігіп отыр. Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы өзгеге үлгі. Ұлттық жобаның аясында инновация игілігі мемлекеттік сектор мен экономика және экожүйеге енгізіледі. Астанамен қатар, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе және Шымкент «Смарт қала» жобасына сәйкес сандық жүйеге көшеді. Республикадағы кен өндіруші ірі 14 кәсіпорынға  экономиканы цифрландыру бойынша заманауи модельдер енгізіледі.

АРАЙЛЫМ МҰСАЕВА, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

 - Алдағы жылы құқықтық-нормативтік бақылау жүйесі жасалады. Сондай-ақ шалғай ауылдарды жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамту ісі басталып, 2020 жылы халықтың 82 пайызына қолжетімді болады. Бағдарламаны жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен 145 млрд теңге бөлінеді.

2018-2022 жылдарға арналған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын ел Үкіметі бекітті. Бес жылға есептелген жоба еліміздің жалпы ішкі өнімін 5 пайызға дейін өсіруге жол ашады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер