Әлемде күннен қуат өндіру көлемі көмір энергетикасын біртіндеп ығыстырып келеді. Бұл жайында халықаралық энергетикалық агенттіктің ресми сайтында айтылған. Ондағы баяндамаға сәйкес, 2016 жылы күн электр стансаларының қуаты 74 гигаваттқа артқан, ал көмір энергетикасы 57 гигаватты құраған. Күн сәулесін кәдеге жаратқан елдердің қатарында Қытай көш бастап тұр. Шығыстағы көршіміз бүгінде әлемдік көрсеткіштің 50 пайызына ие. Лю Хуньчжао басқаратын мына қонақ үй электр қуатын күн сәулесінен алады. Кешенді жарықтандыру, жылыту, ыстық сумен қамтамасыз ету сияқты барлық тіршілігі тегін энергияны тұтынады.

ЛЮ ХУНЬЧЖАО, ДУНЬХУАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОНАҚ ҮЙІНІҢ ИНЖЕНЕРЛІК БӨЛІМ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Ганьсу өлкесінің географиялық ерекшелігі баламалы қуат өндіруге өте ыңғайлы. Бұл жерде күн ұзақ, түн қысқа. Күн сәулесі мол түседі. Біз күн энергиясын пайдалану арқылы жылу жүйесіне кететін артық шығынды қысқарттық. Бұл жобаға 3 миллион юань инвестиция салдық. Егер бәрі біз ойлағандай болса шығынымыз үш жылда ақталады.

Қытай Халық Республикасы алдағы үш жылда жасыл энергетикаға 366 млрд доллар қаржы құймақ. Бұл ел баламалы энергия көздерін іске жарату бойынша әлемде алдыңғы қатарда келеді. Қытайлықтар бұл істі болашақтың емес, бүгінгі күннің талабы деген принципті берік ұстанады. Биыл Астанада өткен EXPO 2017 көрмесіне көршілес елдің белсене қатысуы осының айғағы болса керек.

ВАН ЦЗИНЬЖЭНЬ, ҚЫТАЙ XАЛЫҚАРАЛЫҚ САУДАНЫ ЫНТАЛАНДЫРУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Астана EXPO көрмесінде күн, жел, су және басқа да жасыл энергетика саласындағы Қытайдың жетекші компаниялары өз жетістіктерімен бөлісті. Олар көрме барысында 400-ден астам түрлі шара өткізді. Нәтижесінде 70-тей келісімшарт пен меморандумға қол қойдық.

Жасыл энергетикадағы тәжірибесі мол Қытай енді бұл саланы Қазақстанда дамытуға ниетті. Көрші елдің инвесторлары Оңтүстік Қазақстан облысында күн электр стансасын салып, электр панелдерінің өндірісін жандандырмақ. Жоспарға сәйкес, қуаты 100 Мвт құрайтын күн электр стансасы Отырар ауданында салынады. Қытайлық бизнесмендер бұл жобаға 200 миллион АҚШ долларын құйғалы отыр.

Күн шуағы мол Оңтүстік Қазақстанның мүмкіндіктері неміс инвесторларын да қызықтырып отыр. Германияның күн жүйелері институты гелиоқондырғылар құрастыру жобасын қаржыландырмақ. Тың технологияның көмегімен шалғай жатқан елді мекендерді таза энергиямен қамтамасыз етуге болады. Зауыт Шымкент қаласында орналасады. Бұдан өзге, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің базасында биогазды тиімді пайдалану және тау-кен-металлургия, мұнай салаларындағы ілеспе газды кәдеге жарату бойынша жобалар қолға алынбақ. Ал Павлодарда «көгілдір көмір» өндірісін жолға қою жоспарланған.

ЖҰМАХАН МЫРХАЛЫҚОВ М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:

 - 1 тонна мұнай өндірілсе, 50 текше метр газ шығарылады. Ал егер шығарылған көгілдір отынды энергияға айналдырсақ, осы өндірушілер қолданатын энергияның 30 пайызын жабуға болатын еді. Қазір біз шетелдік әріптестерімізбен бірлесіп осы жобаны іске асыруға кірісіп кеттік.

ГАУХАР АХМЕТОВА, С.ТОРАЙҒЫРОВ АТЫНДАҒЫ ПАВЛОДАР МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:

 - ЕХРО павильондарын аралаған кезде Германия мен Түркия елдері ұсынған жел қондырғылары қызығушылығымызды тудырды. Оларды отандық жобалармен салыстырып, Павлодар өңірінің климатына бейімдеуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, Польша ұсынған «көгілдір» көмір технологиясы да қызықты. Оны облыс әкімдігінің қолдауымен Екібастұз көмір бассейнінде жүзеге асырып көрмек ойымыз бар.

Мамандардың айтуынша, Қазақстан аймақтарының климаттық ерекшеліктері баламалы энергетиканың барлық түрлерін дамытуға аса қолайлы. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер