Өндірістегі сандық технология өнім өндіру сапасын арттырып, жұмыс процесін жеңіл әрі жедел етеді. Павлодар көлік құрастыру зауыты – заманымыздың озық жетістіктерінің игілігін көріп отырған кәсіпорындардың бірі. Мұнда жаңа дәнекерлеу құрылғыларын, металл өңдейтін станоктармен қатар, аса күрделі сызбаларды дәлдікпен орындайтын заманауи сандық технология ендірілген. Плазмалық кесу - өндірістің көп салаларында қолданылатын тиімді процесс. Қара және түсті металды кесуде жоғары өнімділігімен, дәлдігімен және сапалылығымен ерекшеленеді.

 

НИКОЛАЙ ЗИНЧЕНКО, ЗАУЫТТЫҢ ДАЙЫНДАУ ЦЕХЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұл кешеннің артықшылығы өте көп. Ең алдымен өнімділікті арттырып, жұмысты жеңілдетеді. Кесу барысын бір адам ғана қадағалап отырады. Компьютерлік бағдарламаның арқасында жұмысшыға салмақ түспейді.

 

Заманауи кешенге кәсіпорын инвестициялық бағдарламалар аясында қол жеткізген. Жаңа қондырғы болат, тот баспайтын құрыш және алюминийді кесуге арналған. Оның бағасы 80 мың АҚШ доллары тұрады. Зауыт 140 тонна салмаққа дейінгі жүк көтеру машиналарын жасауға маманданған. Қазақстанда баламасы жоқ өндіріс.

 

ВЛАДИМИР НЕЧИТАЙЛО, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ӨНДІРІС ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - 2017 жылға арналған инвестиция көлемі толық игерілді. Оның ауқымы 80 миллион теңгені құраған.  2018 жылға да жоспар құрып отырмыз. Тағы да бірқатар заманауи қондырғылар алынады. Осылайша кәсіпорынның әлеуетін арттыра береміз.

 

Ағымдағы жылы кәсіпорын 5 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 18-20 пайызға артық. Бұрын орташа салмақтағы жүк көтергіш кранды жасауға шамамен 3-4 ай кететін. Енді оның мерзімі едеәуір қысқарады.

 

ВЛАДИМИР НЕЧИТАЙЛО, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ӨНДІРІС ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Мынау жартылай дайын болған кран. Ол 20 тонналық салмақтағы жүкті көтереді. Металлургиялық кран балқытылған металды тасымалдауға арналған.  

 

Зауыттың жұмысы көп жағдайда тапсырыстық бағытқа құрылған. Сондықтан өнімдері қайталанбайды. Қазір мұнда тың жоба жетілдіріліп жатыр. Биіктігі - 30 метр, салмағы - 800 тонна, ұзындығы - 100 метр болатын алып кранға ресейлік жылу электр станцияларының бірінен тапсырыс түсіпті.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер