Тың технологияларды игере отырып, цифрлы экономикаға өту жолдары Астанада Елбасының қатысуымен өткен кеңесте талқыланды. Қазақстан 2025 жылы сандық технологиялар бойынша бәсекеге қабілеттілікті анықтайтын әлемдік рейтингте 30 -шы орыннан көрінуді мақсат тұтып отыр. Қазір бұл көрсеткіш бойынша 38-ші сатыдамыз.

 

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Цифрландыру дегеніміз Қазақстанның озық ел атану жолындағы мақсат емес, құрал. Бәсекеге қабілетті болу, өсімді, өнім өндіруді арттыру, міне, осы – мақсат.

 

Үкімет сандық технологияларды енгізу жолында энергетика мен шикізат, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, ай-ти, логистика  сынды 9 салаға басымдық беріп отыр.

 

БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

 - Біріншіден, цифрландыру процесінің тұрақтылығы үшін инновациялық дамудың ұзақ мерзімді институттарын құру болса, екіншіден, нақты сектордағы белгіленген жобалардан тұратын бағдарламаның прагматикалық басталуын қамтамасыз ету көзделген.

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының маңызына тоқталды. Президент жаһандану заманында жаңа инновациялық даму мен жедел технологиялық жаңғыру талап етілетінін тілге тиек етті. Халықтың техникалық сауаттылығын көтерумен қатар, шетелде ІТ-жобалармен айналысатын  білікті де білімді отандастарымызды елге тарту керектігін айтты. Осы мақсатта ЕХРО павильондарының бірінде ІТ-стартаптар технопаркі құрылмақ. Сондай-ақ, елбасы Қазақстанды цифрландыру жөніндегі арнайы комиссия жасақталатынын алға тартты. Цифрландыру ісінде Еуразиялық экономикалық Одақ елдерін бірігуге шақырды. Бірегей мамандардың басы қосылған бұл жиында шетелдік сарапшылар да ордалы ойларын ортаға салды.

 

НИКОЛАЙ НИКИФОРОВ, РФ БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ЖАППАЙ КОММУНИКАЦИЯЛАР МИНИСТРІ:

 - Бізге тенхнологияларды тек импорттап қана қоймай, оларды барынша дамыта түсу қажет. Бір орында тұралап қалуға болмайды. Бізге бірлесе әрекет ету керек. Цифрландыру барысында біздің университеттер мен зерттеу шаралары байланысты болғаны жөн. Жаңашылдықты қолданып қана қоймай оны тиімді пайдалану арқылы біз бәсекелестікті арттыра аламыз. Ол экономикаға да тиімді, азаматтарымызға да ыңғайлы.

Әлем елдері мойындап отырған бұл бастамалар Қазақстанның жоспарлы да қарқынды дамуын көздейді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер