Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ислам әлеміне G20 (үлкен жиырмалық) форумы сияқты бейресми топ құруды ұсынды. Ол маңызды ғылыми-экономикалық мәселелерді шешумен айналысады. Елбасы бұл тың бастаманы Астанада Ислам Ынтымақтастық Ұйымының ғылым және теxнологиялар жөніндегі бірінші саммитінде көтерді. Оған қатысу үшін 15 елдің Президенттері мен Үкімет басшылары Астанаға арнайы келді. Алғаш рет өткен алқалы жиын тарихи мәнге ие, деді сөз сөйлеген Қазақстан Президенті.

 

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Ислам үмбетіне ғылым мен технология саласында дамыту мәселесі өте маңызды болып отыр. Осыған орай алдыңғы қатарлы Батыс елдермен тұрақты әрі жемісті байланыстар орнатуымыз қажет. Олармен өзара байланыста болуымыз түбі Ислам елдерінің ілгерілуіне пайдасын тигізетіні анық. Ислам мен христиан, басқа діндердің жаһандануы жағдайында қарым-қатынасты дамытқанымыз дұрыс. Ислам әлемі мен батыстың ашық диалогына жол ашатын басқосулардың жиі өткені жөн деп санаймын. Меніңше, ғасырлар бойы қалыптасқан түсінбестік тудыратын стереотиптерден бас тартуымыз керек.

 

Жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшылары Ислам әлеміне бірігу, кешенді шешімдер қабылдау қажеттігін айтты. Сондай-ақ, олар тарихи саммитті ұйымдастырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризалық білдіріп, алғыс айтты.

 

ЮСЕФ БЕН АХМАД ӘЛ-ОСЕЙМИН, ИЫҰ БАС ХАТШЫСЫ:

 - Бүгінгі саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Президентіне айтар алғысым шексіз. Алқалы жиынның тарихи маңызы зор. Бұл құрылтай Ислам әлемінің алдында тұрған қазіргі мәселелерді бірлесе шешуге септігін тигізеді. 

 

Саммит қорытындысы бойынша Астана декларациясы қабылданды. Тағы бір маңызды құжат – 2026 жылға дейінгі ғылым, технологиялар мен инновацияларды дамыту бағдарламасы бекітілді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер