«Алматы Тех Гарден» қоры  2015-ші жылдан бері инновациялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында шетелдік әріптестерімен бірлесе жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде, 40 ірі өндірістік жоба мақұлданған. Қазірдің өзінде соның 10-ына инвестиция тартылып, 7 шетелдік компаниямен келісімшарт жасалды. Тың жобалар «Алатау» Инновациялық технологиялар паркінде жүзеге асырылады. Мақсат - жоғары технологиялық және экспортқа бағытталған өндірісті  дамыту.

 

АСҚАР СЕМБИН, ИТП ДЕРБЕС КЛАСТЕРЛІК ҚОРЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Жобаларды қаржыландыру үшін  біз шетелдік венчурлық қорлармен келісімшарт жасадық. Оның барлығы  өндіріске енгізуге толық дайын. Қазіргі уақытта компанияны коммерциализациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.  

 

Бүгінде Инновациялық технологиялар паркінде 155 компания жұмыс істейді. Биылғы 1-ші жартыжылдықта 15,3 миллиард теңгенің тауары өндірілген. Мәселен, Жапония мен Американың алдыңғы қатарлы технологияларымен жабдықталған «ЭЛТЕКС Алатау» зауытында күніне 2000 дана отандық байланыс қызметіне қажетті сандық өнімдер  шығарылады. Отандық  өнімді Ресей, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне экспортқа шығарыла бастады.  

 

РОМАН КИМ, ӨНДІРІС БАСШЫСЫ:

 - Бизнес жобаларды жүзеге асыруда еркін экономикалық аймақ көп мүмкіндік берді. Мұнда өндірістік алаңдар жалға беріледі. Сондай-ақ, кедендік рәсімдеуде бірқатар жеңілдіктер бар. 

 

2020 жылға қарай  ірі трансұлттық компаниялармен бірлесіп  Инновациялық технологиялар паркі аумағында ІТ қала салынбақ. Онда «ақылды» индустрия, аддитивті машина жасау және Қаржы технологиялары орталықтарын құру жоспарланған.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер