2018 жылы Алматы облысында ғарышты зерттейтін обсерватория  ашылады.  Аспан әлеміннің қыр-сырын жақындататын бірегей бастаманың жүзеге асуына физика саласындағы Нобель сыйлығының иегері Джордж Смут тікелей атсалысатын болады. Бұл туралы болашақтың энергиясын дамыту жобаларымен әлемге әйгілі астрофизик ғалым, космолог қазақстандық студенттермен кездесу барысында мәлімдеді. Астрономиялық кешен тек соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталып, заманауи телескоп орнатылады. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі қолдаған тың жоба күн энергиясын зерттеумен қатар, қолданбалы ғылымдар мен медицина саласын дамытуға септігін тигізеді дейді, Джордж Смут.

ДЖОРДЖ СМУТ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ:

- Орталық Азияда бұл телескоптың теңдесі жоқ. Құрылғы күн энергиясын зерттеуге мүмкіндік береді. 2018 жылы біріншісін саламыз. Жоспар бойынша кейін тағы бір телескоп орнатпақшымыз. Жобаның құны шамамен 200 мың долларды құрайды. Қазақстандық ғалымдар Энергетикалық ғарыш зертханасымен тығыз әріптестік орнатып ортақ бағдарламаларды іске асырып жатыр. Бұл тек астрономиядан бөлек, елдің өзге де салаларының дамуына жол ашады.

Басқосу 1-ші Энергетикалық ғарыш зертханасы  халықаралық конференциясы аясында өтті. Шараға әлемнің 8 елінен келген космологтар мен астрофизиктер қатысты. Олар фотоника, есептеу физикасы, энергетика тақырыптары бойынша баяндама жасап, ғарыш саласындағы жаңалықтармен бөлісті. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер