EXPO қалашығында Румынияның ұлттық күні аталып өтті. Ресми шараға Румынияның сыртқы істер министрі Теодор Мелешкану, Парламент депутаттары Палатасы төрағасының орынбасары Флорин Иордаке, Румыния павильонының комиссары Михаил Дору Дедиу мен елдің өзге де ресми өкілдері қатысты. Румыния көрмеге «Элай» деп аталатын лазерлі құрылғы алып келген. Оның құрылысы 2013 жылы басталған. Ол күн көзі беретін қуаттың 10 пайызына тең энергияны өндіруге қауқарлы. Лазердің жұмыс істеуіне қажетті 14 Мвт қуатты үдеткіштердің көмегімен алуға болады. Екі жылдан кейін құрылғы қолданысқа енеді. Оны жүзеге асыруға Венгрия мен Чехия елдерінің ғалымдары да көмектескен. Ал, румыниялықтардың павильонын күніне 3 мыңнан 5 мыңға дейін көрермен тамашалайды.

 

ӘСЕЛ БӨКЕН, РУМЫНИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ АУДАРМАШЫСЫ:

 - Мұнда дүниежүзіндегі екі мықты лазер бар. олардың қуаттылығы күн энергиясының оннан бір пайызына дейін жетеді. және де бір гамма сәулесі бар. олардың көмегімен физика саласындағы ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіледі. мысалға алғанда медицина саласындағы рак ауруын зерттеу, оған қарсы күрес жасау.

 

ЕХРО көрмесінде Парагвай Республикасы да ұлттық күнін атап өтті. Ресми шарадан кейін ұсынылған концерт көпшілікті тәнті етті. Өнерпаздар сахна көрігін қыздырып, қонақтарды ән-биімен тамсандырды. Оңтүстік Американың қақ ортасында орналасқан бұл мемлекет тікелей теңізге шыға алмайды. Алайда ел аумағынан өтетін Парана өзенін өз пайдасына ұтымды пайдаланып отыр. Мұнда әлемде үлкендігі жағынан екінші орында тұрған Итайпу су электр станциясы орналасқан. Оның өндірістік қуаты 14 мың мегаватт. Оған қоса Якирета және Акарай су электр станциялары бар. Осының арқасында Парагвай энергияның 99,6 пайызын жаңғыртылатын қуат көздерінен алады.

 

ОСКАР КАБЕЛЬО САРУББИ, ПАРАГВАЙ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бүгінгі таңда жасыл энергияға көшу – жаһан үшін және халықаралық қауымдастықтар үшін өзекті мәселенің бірі. Ал біздің еліміз әлемде баламалы қуат көзін өндіру және экспорттау бойынша көш басындағы мемлекеттер қатарында. Өткен жылдың соңында Бразилиямен арадағы Итайпу су электр станциясы сағатына жүз миллон мегаватт қуат өндіргенін мақтанышпен айтамын. Бұл – әлемдік рекорд.

 

Көрмеге келген қонақтар үшін Анголаның танымал артистері өнер көрсетті. Олар ұлттық әндерін шырқап, жергілікті халықтың мәдениеті мен тұрмыс тіршілігінен сыр шертетін бейнеролик көрсетті. Жалпы, Ангола билігі, кедейлікпен күресіп, жасыл энергияны дамытуды көздеп отыр. Осылайша, ел экономикасының дамуын жеделдетеді. Ал ЕХРО көрмесі республиканың жасыл энегрия саласындағы үздік тәжірибесін көрсетіп, өзгемен пікір алмасуға және тың технологиялармен танысуына мол мүмкіндік берді.

 

АБРАХАО ГОУРДЖЕЛ, АНГОЛА РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

 - Ангола осындай халықаралық шараға қатысқанын аброй деп біледі.  Біз өз павилионымыздың тақырыбын "Баршаға Ортақ Энергия" деп алдық. ЕХРО-2017 көрмесі түрлі тәжірибені біріктіріп, жаһанды жасыл энергиямен қамтамасыз етуге үлкен үлес қосады деп сенем. Қазақ халқының қонақжайлылығы мен ыстық ықыласы үшін алғыс айтамын.

 

Габонның ұлттық күнінде Орталық Африка мемлекетінің халық әндерін орындалып, жұртты таңдай қақтырды. Бүгінде Габонда жасыл энергетика қарқынды дамып келеді. Мұндағы баламалы энергия көздерінің үлесі 2010 жылы 40 пайызға жетті. Ал 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті 80 пайызға дейін арттыру жоспары бар. Мұндай жетістікке Кәрі құрлықтағы мемлекет гидро-энергетиканың арқасында қол жеткізбек.

 

БОНЖАН НАН НГОМО, ГАБОН ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Габон елінде тау кен өнеркәсібі, орман шаруашылығы мен туризмнің әлеуеті зор. Яғни, бізде мұнайсыз экономика қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалған. Біздің жобалар ресурстардың баламалы түрлерін іздеп, көмір қышқыл газының шығарылуын азайтуға бағытталған. Осылайша экологиялық таза энергия өндірісіне баса назар аударып отырмыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер