Дәстүрлі энергия түрлерін өндіріс жолынан ығыстырып, баламалы қуат көздеріне алмастыру. Бұл – бүгінде Қытай Халық Республикасының басты стратегиялық бағыты. Аспан асты елінің жүргізіп жатқан «жасыл» саясатының жетістіктерімен ЕХРО-2017 көрмесінде жіті танысуға болады. Өткенсіз бүгін жоқ. Қытай павильонының қонақтары таза энергетикадағы толағай табыстардан құлағдар болмас бұрын, елдің жарықпен қамтылуының тарихын бір шолып өтеді. Келушілерді кіре берістен Сун дәуірінде судың күшінен қуат өндіретін мына көне дөңгелек станция қарсы алады. Кейін меймандар атақты теңіз саяхатшысы Чжан Хэнің кемесіне тап болады. Бұл су көлігімен ол тек желдің екпінін пайдаланып Тынық мұхитты 7 мәрте кешіп өткен. Қытай энергетикасының шежіресін бүгінге дейін қолданылып келетін әлемдегі ең ірі атом және гидро электр станциялары тұйықтайды.     

 

ШУ ХУАНЬ, ҚЫТАЙ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Биыл Қытай мен Қазақстан арасында энергетика саласында әріптестік орнағанына тура 20 жыл толып отыр. Статистикалық мәліметке сүенсек, қос тараптың энергетикалық саудасы жалпы тауар айналымының 30 пайызын құрайды. Ендігі мақсат – таза қуат көздерін ендіру бойынша жаңа ынтымақтастық орнату. Көптеген Қытай компаниялары болашақ энергиясына инвестиция құюға мүдделі. Осы орайда айта кетерлігі, қос мемлекет бірлесіп Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр.

 

Бүгінгі таңда 1,5 млрд-тан астам халқы бар Қытай тұтынатын энергияның 30 пайызы баламалы қуат көздеріне тиесілі. Экономикалық әлеуеті екінші орындағы ел алдағы уақытта бұл көрсеткішті еселей түсуге ниетті. Оның алғышарттары мен жүзеге асыру жолдары жайында павильонға бас сұққандар толық мәлімет ала алады. Тіпті мұнда тұрмыстық салтта елді-мекендер мен әр отбасы кәдеге асырып жатқан жаңашылдықтардың танымдық үлгілері қойылған.

 

ҚҰРАЛАЙ ҚҰРМАНЖАНҚЫЗЫ, ГИД /ҚХР/:

 - Бұл экран арқылы мұздатқыштың ішіндегі жағдайды біліп тұрасыз. Мысалы мына жерді бассаңыз ішіндегі температура бар жағдай шығып тұрады. Бұл қолданыста өте ыңғайлы. Бір жағынан энергия үнемдейді.

 

Павильон қонақтарын алыстан сәуле шашып жарқырап тұрған мына жасанды күннің көзі бей-жай қалдырмасы анық. Бұл халықаралық жоба –термоядролық синтездің жемісі. Нәтижесінде бірегей бастаманың жұмысы үлкен көлемде энергия шығаруға қауқарлы. Мамандардың айтуынша, бұл қуат өндіргіштің әлемде әзірге баламасы жоқ. Ең үлкен генераторлық торап 500 мегаватқа дейін термоядролық энергия бере алатын көрінеді.    

 

ЛИУ ДАН, ГИД /ҚХР/:

 - Бұл – әлемдегі энергия өндіретін тұңғыш қондырғы. Оны Қытай, Корея, Жапония, АҚШ, Үндістан мен Еуро Одақ елдері бірлесіп жасаған. Құны – 100 млрд доллар. Кешенді бастаманың негізгі құрылысы Францияда жүргізіледі. Оны жүзеге асырып қолданысқа беру үшін шамамен 35 жыл кетеді. 

 

Қытай ғалымдары тоған түбіне тұнған лайдан биоотын алудың жолын тауыпты. Өзен-көлдерде көптеп жиылатын балшық өңделіп, жанармайға  айналады. Бұл экологиялық таза өнім өндірістік кешендер мен жылу жүйесінде кеңінен қолданылады екен. Қолданыстағы отыннан басты артықшылығы  - қоршаған ортаға бөлінетін көмірқышқыл газының көлемін әлдеқайда азайтады. Ал өндірістен бөлінетін су барлық экологиялық талаптарға жауап береді. Сондықтан ол қоймаларға жиналып, ауыл шаруашылық қажетіне жұмсалады.

 

Ю ДОН СЯН, ГИД /ҚХР/:

 - Басты мақсат – осы жаңашылдықпен көмірдің  қалың өндірістегі орнын басу. Қызметі бір болғанымен, құрамы мүлде басқа. Қанатқақты жоба Қытайды басқан өндірістік көк түтіннен арылтатын болады. Жаңа отын толықтай жанып, түтін бөлмейді. Қалдықсыз өндіріс болмақ. Қазір бұл технологияны тәжірибе жүзінде Шаньдун, Хубэй, Ней Мен провинцияларында қолданысқа енгіздік. Болашақта Қазақстанда да осындай зауыт салу ойда бар.

 

Павильондағы 3Д кинотеатрда көрермендер Қытайдың «жасыл» саясаты мен экологиялық тазалықты сақтаудың қамындағы тың істері туралы фильмді тамашалайды.

 

САУАЛНАМА:

-  Павильонда тамашалаған фильм терең ой тастайды. Шын мәнінде болашақты жоғалқымыз келмесе, өзімізді қоршаған ортаға деген көзқарасымызды өзгерту керек. Тіпті кішкентай бүлдіршіндердің санасына түсінікті етіп жасалған.

 

- Мен Қытайдың Шаньдун правинциясынан келдім. Маған отандастарым әзірлеп әкелген жобалардың дені іс жүзінде таныс. Бұның барлығы құр сөз емес. Мұнда Қытайлық компаниялар сынақтан өткен инновациялық жобаларын әлемге таныту үшін келді. Біршамасы Қазақстандада қолданыс табатынына сенімдімін.    

 

Халықаралық энергетика агентігінің болжамынша, 2035 жылға дейін Қытай баламалы қуат көзін өндіру бойынша бүгінгі көшбасшы АҚШ, Жапония мен Еуропа елдерін басып озады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер