ЕХРО көрмесінің аумағында Жапония мемлекетінің ұлттық күні аталып өтті. Бұл шарада қонақтар елдің дәстүрлі мәдениетімен танысты. Сахна төрінде музыканттар ұлттық аспаптарда ойнап, жұртты тамсандырды. Кейін екі ел делегацияларының өкілдері ұлттық павильонда жергілікті экспозициялармен танысты. Баламалы энергетика саласында көш бастап келе жатқан мемлекет келушілерге түрлі қуат көздерінің синтезін көрсетті. Жалпы, бұл павильон 3 аймақтан тұрады. Әр бөлімде энергия үнемдеу мен саладағы жетістіктер, сутегі, балдырдан жасалған биомассаларды қолдану технологиясы ұсынылды. Шетелдіктер бүкіл әлемге энергетикалық мәселелерді шешу жолындағы зияткерлік және технологиялық тәжірибесін таныстыруға дайын.

 

ХИРОСИГЭ СЭКО, ЖАПОНИЯНЫҢ ЭКОНОМИКА, САУДА ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП МИНИСТРІ:

 - Біздің ел үшін ЕХРО көрмесіне қатысу өте маңызды. Жақында Жапония 2025 жылы Осака қаласында «Жарқын өмір үшін болашақ қауымдастық құру» тақырыбында халықаралық көрме өткізуге ресми өтініш берді. Астанадағы шарада қозғалған мәселелерді шешуді біз өз елімізде жалғастырмақпыз. ЕХРО көрмесін әлемдегі қоғамдық-экономикалық жүйенің болашақ бейнесі туралы пікірталас алаңына айналдыруды жоспарлап отырмыз. Жапония павильонының қонақтары осы бағдарламамызбен таныса алады.

 

Өзінің ұлттық күнін Уганда Республикасы да тойлады. Бұл мемлекет құрлықтың шығыс бөлігінде орналасқан. Энергетика саласында бірқатар өндіріс орындары бар. Бірақ, елде шикі мұнай қоры анықталғанымен, оны өндіру және өңдеу жолға қойылмаған. Уганда Африканың өзге мемлекеттері сияқты, күн және желден электр қуатын алуға басымдық береді. Сондықтан ЕХРО көрмесіне олар әріптестікті арттырып, инвестиция тарту мақсатымен қатысып отыр.

 

РУТАЗИНДВА ГИДЕОН МВЕБАЗЕ, УГАНДА РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕЛШІСІ:

 - Уганда мен Қазақстан арасында қалыптасқан екі жақты достық қарым-қатынасқа ризашылығымды білдіргім келеді. ЕХРО көрмесі барлық мемлекет өкілдерінің басын қосып, маңызды бастамаларға жол ашып отыр. Біздің павильонда инвестициялық мүмкіндіктер жайлы жан-жақты мәлімет беріледі. Елімізде табиғи қазба байлықтар табылды. Біз оларды бірлесіп өндіруге мүдделіміз. Салықтық және басқа да жеңілдіктер қарастырылған.

Сингапур елінің ұлттық күнін тамашалауға келгендер де көп болды. Террариум стилінде жасалған павильонда келушілер назарын аудартар дүние көп. Оңтүстік шығыс Азия елінде орналасқан қала-мемлекеттің павильоны 6 аймақтан тұрады. Оны Сингапурдың атақты сәулетшісі Рэнди Чэн жасаған.

Сингапур – шағын мемлекет. Бар энергия көзінің 3 пайызын тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы алады екен. Бір жылда 7-8 млн тонна қоқыс өртеліп, қайта өңделеді. 

 

ГАН АНН, СИНГАПУРДЫҢ САУДА ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯ МИНИСТРЛІГІ       ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ АҒА ОРЫНБАСАРЫ:

 - Ал жел энергетикасын біз көп пайдаланбаймыз. Біз баламалы энергияны өндіру жолдарын ғана емес қуатты үнемдеу, оның өзіндік құнын азайта амалдарын да қарастырып отырмыз.

 

Павильонда түрлі тың технология, инновациялар ұсынылған. Соңғы аймағында адамдар тынығып, кітап оқып дамылдайтын арнайы баспалдақтар орнатылыпты.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер