Швейцария – атом энергиясынан бас тартқан Еуропадағы төртінші мемлекет. Және бұл шешім жалпыхалықтық референдумда қабылданған. Халықтың 60% табиғаттан таза энергия алуды қолдап дауыс берген. Астанадағы ЕХРО көрмесіне бұл мемлекет «Гүлдер қуаты» деген ұранмен қатысып жатыр. Швейцария елінің энергетикалық стратегиясы туралы павильонның комиссары Мануэль Залхли әңгімелеп береді.

 

МАНУЭЛЬ ЗАЛХЛИ, ШВЕЙЦАРИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ КОМИССАРЫ:

Швейцария павильонының басты идеясы – адамның қоршаған ортаға әсері. Біз келушілерді Швейцарий орманын аралауға шақырамыз. Өзіңіз көріп тұрғаныңыздай, мұндағы ағаштар ұйқыға кеткендей. Павильон адамға толғанда, ағаштар түрлі түстерге боялады. Осылайша, біз табиғатқа деген адам қамқорлығы артқан сайын, ол гүлдене түседі деген ойды жеткізгіміз келді.

Павильон 4 интерактивті тақырыптық бөлімнен тұрады. Біз оларды шағын үйлер деп атаймыз. Біріншісі – тауда орналасқан швейцариялық үй және ол күн қуатын пайдаланады. Екінші үйге кіріп, ыңғайланып жатып, су ресурстарын тиімді шығындау, су қорының азаю мәселесін шешу жолдары туралы 10 минуттық танымдық бейнефильмді тамашалауға болады. Үшінші үйде қалдықтарды кәдеге жарату, энергия көзі ретінде пайдалану әдістері ұсынылған. Осының бәрі іш пыстырмайтын ойын түрінде жеткізіледі. Біздің аспаз картоптан жасалатын Рошти атты ұлттық тағамды әзірлейді. Ал төртінші экспозиция швейцариялық стартап жобасына арналған. Онда ұялы телефонды қуаттайтын, үйлердің шатырына орнатылатын күн батареяларының түрлері туралы ақпарат алуға болады. Оны сумкаңызға немесе қалтаңызға салып, қажет болса телефоныңызды қуаттай аласыз. Бұл – өте пайдалы өнертабыс.

Әдетте, көрмеге келген адамдар аз уақыттың ішінде барынша көп павильонды қарап шығуға тырысады. Бірақ қазақстандықтар ондай емес. Сіздің азаматтар отбасымен түгел келіп, әр павильонды асықпай аралап, экспозицияны мұқият зерттейді. Тіпті біздің павильондағы зертханада күн батареяларын өз қолымен құрастыруға да қызыға қатысады. 

 

2016 жылы Швейцария инновацияның жаһандық индексінде 1-орынға шықты. Келер жылы сатылымға шығатын экомобиль, күн энергиясымен ұшатын ұшақ швейцарлық ғалымдардың соңғы жаңалықтары емес. Астана ЕХРО көрмесіндегі павильон құрылысына 4,2 млн швецариялық франк жұмсалған. Ал 11-ші тамызда мұнда Швейцарияның ұлттық күні атап өтіледі. Оған ел президенті Дорис Лютхард келеді деп күтілуде. Сондай-ақ, биыл Қазақстан мен Швейцария дипломатиялық қатынастың 25 жылдығын атап өтеді.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер