EXPO көрмесінде бірнеше мемлекеттің Ұлттық күні өтті. Аргентина елінің мерекесі делебе қоздырар бимен басталды. Тангоға мың бұралған жұптың өнері Аргентинаның тағы бір ұлттық биі гаучо-маламбосына ұласты.

Салтанатты шараға келген ресми делегация өкілдері «Болашақ энергиясы» тақырыбы Аргентина үкіметінің басты бағыттарының бірі екенін атап көрсетті. Және ЕХРО көрмесінде бұл мемлекет «Жасампаз энергияға» қатысты тың жобаларын таныстыруда.

 

ЭРНАН ЛОМБАРДИ, АРГЕНТИНАНЫҢ БАҚ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ПІКІР ФЕДЕРАЛЬДЫ ЖҮЙЕСІ МИНИСТРІ:

 - Баламалы қуат көздерін игеруді еселеу үшін энергетикалық ұяқалыпты өзгерту процессі ұзақ болса да, алғашқы қадамдарды бастадық. Біз ғаламшарымыздың болашағына бейжай қарай алмаймыз және жаңармалы қуат көздерін дамыту қажеттілігі мен экономиканы тұрақтандыру арасында алтын көпір салғымыз келеді.

 

Салтанатты шараға Аргентинаның ғылым және инновациялық өндіріс министрі Лино Баранао да қатысты. Оның ойынша, энергетикалық даму - жаһан алдында тұрған басты тапсырма. Қазақстан мен Аргентина өкілдері «Нұр Әлем» Ұлттық павильонын да аралап шықты. Айта кетейік, Аргентина астанасы Буэнос-Айрес - 2023 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында EXPO көрмесін өткізуден үмітті шаһарлардың бірі. Жобаларына «Цифрлы даму заманындағы шығармашылық индустрия» тақырыбы арқау болмақ.

Ал Соломон аралының билігі қазақстандық кәсіпкерлерге гидроэнергетика саласында бірлесіп, бірқатар жоба әзірлеуді ұсынды. Бұл елдің ұлттық күнін атап өту шарасына келген делегацияны Энергетика министрі Дэвид Дэй Пичи басқарды. Ол СоломОн аралдары аумағында гидроэлектр стансасын салу жөнінде әңгіме қозғады. Айта кетейік, 2016 жылы инвесторлардың арқасында ел астанасы Хониара қаласында фотоэлектрлі күн стансасы ашылған болатын. Жобаны Жаңа Зеландия мен Біріккен Араб әмірліктері қаржылай қолдады. Қазір құрылғы тек шаһарды ғана емес, бүкіл мемлекет аумағының 7 пайызын баламалы энергиямен қамтамасыз етіп отыр. Мемлекетте отын бағасы қымбат болғандықтан, Тынық мұхиты жағажайында орналасқан ел баламалы энергия көздерін дамытуға бел буған.

 

ИЛЬЯ УРАЗАКОВ, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

 - EXPO көрмесінің тақырыбы барлық елдердің қызғушылығын туғызды. Мұндай шараның Орталық Азия аумағында өту де ерекше құбылыс. Соломон аралдары сияқты кішігірім мемлекеттер үшін бұл алаң тек баламалы энергетика саласындағы жетістіктерді көрсету ғана емес, туризмді дамытуға да қолайлы. Қазақстан барлық жағынан тұрақты ел болғандықтан, бізбен бизнес әріптестік орнатуға дайын.

 

ЕХРО көрмесіне қатысып жатқан тағы бір мемлекет – Грекия. Бұл елде қайта қалпына келетін энергияның үлесі 15 пайыз шамасында. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 20 пайызға жеткізілмек. Балқан түбегінде орналасқан ел энергияның басым бөлігін желден алады. Грекияның павильоны да «Ауадағы энергия» деп аталады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер