«Жібек жолы» плазасы. ЕХРО кешеніндегі дәл осылай аталатын ерекше павильонға жасыл технологияға енді бет бұра бастаған Тәжікстан, Ауғанстан секілді елдер орналасқан. Тәжікстан – Орталық Азиядағы теңізге шығар жолы жоқ ел. Ауған, қырғыз, өзбек, қытайлармен шекаралас мемлекет ежелден Ұлы Жібек Жолының тарихи тоғысы. Орталық Азия өзендері бастауларының 60 пайызы орналасқан Тәжікстан 95 пайыз су энергиясын тұтынады. Сағатына 527 млрд кВт қуат өндіретін қауқары бар. Әзірге мұның 4-5 пайызыны ғана игерілген. Су қуатының көптігі бойынша әлемде 8 орында. 

 

ОДИЛ САНГОВ, ТӘЖІКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЭКСПОЗИЦИЯСЫ БАС КОМИССАРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз жазда ерекше көп гидроэнергия өндіреміз, арзан су энергиясын қатты шикізат, газ, көмір тұтынып отырған Орталық Азияға, соның ішінде Өзбекстан, Қазақстанға сатуға әзірміз. 1кВТ энергияның өзіндік құны шамамен 6,5 теңгедей.  

 

Күн мен жел қуаты Тәжікстанның шалғай жатқан ауылдарында пайдаланылады. Мұнай мен газы жоқ ел ауыл шаруашылығы мен бақша өнімдерін өсірумен күнелтеді. Жерінің 93 пайызы таулы өлке, минералдық ресурсқа бай. Көрмеге табиғи тастардан жасалған түрлі зергерлік бұйымдарын да ала келген. 4,5 метрлік мына экспозиция «бақыт ағашы» деп аталады. 12800 асыл таспен әшекейленген ағаш көпке қуаныш сыйлап тұр. «Жібек жолы» плазасында Украина да өз павильонын орналастырыпты. Бұл ел баламалы энергияға инвестиция молынан құя бастады, дегенмен әзірге оның үлесі 1-ақ пайыз. Оның тең жартысын желден алады.

 

СЕРГЕЙ СВИСТИЛЬ, УКРАИНА ПАВИЛЬОНЫ КОМИССАРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

 - Біз көрмеге бірталай коммерциялық жоба қойдық. Қазір сұраныс көп. Әсіресе фермерлік қожалықтарға арналған жел станциялары құрылғысына қызығушылық ерекше. Біздің ел 2020 жылға таман баламалы қуат үлесін  11 пайызға жеткізбекші.

 

Ал Ауғанстан көрмеге асыл тастары мен кілемдерін әкелген. Аталған ел 8 пайыз күн қуатын, 49 пайыз судың қуатын тұтынады. Баламалы энергия жобаларын жүзеге асыруға 6 млрд доллар қаражат тартпақ. 159 млн халқы өте тығыз орналасқан Бангладеш болса, күн энергиясына басымдық берген. Себебі ауыл-аймаққа электр бағаналарын орнату мүмкін емес. Осы және өзге шешімдерді «Жібек жолы» плазасындағы экспозициялардан көруге болады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер