Финляндия жасыл энергия өндіруден әлемде 4-орында тұр. Технология мен табиғаттың үндестігін осы елден табуға болады. Финляндия аумағының 70% орман алқаптары алып жатыр. Астана ЕХРО көрмесіндегі павильонның құрылысына 600 тонна қарағай кеткен. Тақырыбы «Финляндия – таза энергия». Ең қызығы, финдер табиғи мүкті өз пайдасына жаратып отыр. Астана ЕХРО көрмесіндегі фин павильонының осы және өзге де ерекшеліктері туралы оның Ұлттық комиссары Севери Кейняля айтып берді. 

 

СЕВЕРИ КЕЙНЯЛЯ, ФИНЛЯНДИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ БАС КОМИССАРЫ:

 - Біздің павильон «Таза энергия» деп аталады. Финляндияда өнеркәсіптік процестердің энергетикалық тиімділігіне аса мән беріледі. Басты міндет – шикізат ресурстарын барынша аз шығындау. Мысалы, мына жерде толқынды энергетикалық машина және мұнай мен газды өртеуге арналған құрылғы бар. Біз оны сондай-ақ, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу барысында түзілетін метан газын өртеу үшін де пайдаланамыз. Яғни, бұл құрылғы өртеуге болатын кез-келген газға арнап жасалған. Осындай өнеркәсіптік жетістіктермен бірге, біздің павильоннан күнделікті өмірде тұтынуға болатын өнертабыстарды да ала келдік. Мысалы, күн панелімен жарақталған жолдорба. Табиғат аясына барсаңыз не тауға шықсаңыз, күн батареяларының көмегімен ұялы телефоныңызды не ноутбукты қуаттандыра аласыз. Жалпы, Астана ЕХРО көрмесінде біз энергияны тиімді пайдалану саласындағы озық тәжірибемізді жан-жақты таныстырып жатырмыз. Атап айтқанда, тұрғын үйлерді экологиялық таза әрі энергия тұтыну жағынан тиімді қылу үшін құрылыс пен безендіру технологияларын ала келдік. Мысалы, қарағай ағашынан салынған үйлер. Олар шынымен де экологиялық таза әрі энергетикалық тиімді. Үйдің қабырғасы ауаны тазартады, әрі жылуды сыртқа шығармайды, яғни, оны жылыту үшін көп энергия жұмсаудың қажеті жоқ. Финляндия мен Қазақстанның климаты ұқсас, екі елде де қыс ұзақ әрі суық. Сол себепті фин технологиялары Қазақстанда жақсы жұмыс істейді. Бұл жерде бес экран орналасқан. Онда көрсетілетін бейнефильмдер Финляндияның энергетикалық компаниялары, олардың технологиялары туралы баяндайды. Олар Қазақстанда әріптес табуға мүдделі. Көрініп тұрғандай, фин павильонында барлығы баламалы энергетикаға негізделген. Мысалы, қабырғадағы мүк. Ол ауаны тазартып, дыбыс диффузоры ретінде пайдаланылады. Мүк – керемет биоматериал. Осы мысалдардың барлығы табиғатқа зиян келтірмей, жаңа технологияларды пайдалану арқылы баламалы энергетиканы дамытуға болатынын көрсетеді.

Фин павильонының бір секциясы Оулу қаласына арналған. Ол Астананың бауырлас қаласы. Жобаның басты идеясы – қалдықтан қуат өндіру. Финляндияда көптеген қалалар қоқыс-қалдықтардың 98 пайызын қайта өндіреді, небары 2% ғана полигондарға жиналады. Ең алдымен, металл, шыны, қағаз өңделіп, қайта пайдалануға жіберіледі. Қалған қоқыс уатылып, арнайы құрылғының көмегімен отынға айналдырылады. Бұл жерде уатылған қатты тұрмыстық қалдықтардың үлгілері көрсетілген. Қалдықтарды өртеу арқылы өндірілген жылу немесе электр қуаты тұрғын үйлер мен кеңселерге жеткізіледі. Бүгінгі күні Финляндияда биоэнергия алу бағытында жұмыс істейтін ондаған компания бар. Астана ЕХРО көрмесінің осы саладағы тәжірибемізбен бөлісуге мүмкіндік бергеніне қуаныштымыз.

 

Финляндияның алдына қойып отырған батыл мақсаты – қайта жаңғыртылатын энергияның үлесін 50 пайызға жеткізу. Және алдағы 10 жылда мұнай импортын қысқартып, көмірден толықтай бас тарту. Бұл міндеттерді орындауға ел үкіметі алдағы екі жылда 80 миллион еуро бағыттамақ. Қаржы биоотынның жаңа түрлерін шығаруға және энергетикалық технологияларды дамытуға жұмсалады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер