Америкалық нақыштағы қазақ ұлттық аспаптары мен халық әндері. EXPO көрмесінде ұлттық күнін атап өткен Америка құрама штаттары келушілерді осындай бағдарламамен таң қалдырды. Бұл күн елдің айтулы мерекесімен тұспа-тұс келді. 4 шілде Америкада тәуелсіздік күні аталып өтеді.

Бұл – укулЕле аспабымен орындалған қазақтың халық әні «Дударай». Ал орындаушысы американдық студент – Грейс Гарретт . Ол қазақ тілін осыдан 1 жыл бұрын үйрене бастапты. «Сүйікті әндерімнің терең мағынасын түсінгім келді»,-дейді Грейс. Қазіргі кезде америкалық студент өзі шырқаған әндерді жақсы түсінеді. Аздап қазақша сөйлейді де. Оның айтуынша, қазақ тілі әуенді, көркем тіл.

 

ГРЕЙС ГАРРЕТТ, СТУДЕНТ /АҚШ/:

 - Қазақша қысқа. Маған қазақ тілі өте ұнайды. Оның дыбыстары ерекше.

 

Америка музыкасын осы блюгрАссыз елестету мүмкін емес. Өзіндік стилі мен колориті бар. Ерекшелігі – тек акустикалық ішекті аспаптардың қолданылуында. Мұндай әуен ирландиялық, шотландық және ағылшын дәстүрлі музыкасының жиынтығы. Бұл жолы блюгрАсс қазақ әуенімен де үндестік тапты.

 

РЭН ЭЛХАЙ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АҚШ ЕЛШІЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ-АТТАШЕСІ:

 - Біз қазақ және америкалық мәдениеттің айтарлықтай айырмашылығы жоқ екендігін көрсеткіміз келді. Өйткені Америка мәдениеті елімізге көшіп келген түрлі халықтар дәстүрі мен мәдениетінің қосындысы. Осылай болуы да керек. Ұлттар мәдениеттері бір-бірімен ұштасып жатса, барлық тараптардың ұтары мол.

 

Америка ұлттық күнінде келушілерді өзінің ерекше дауысымен соул-әнші Майя АзусЕна да қуантты. Бірнеше музыкалық жүлделердің иегері қазіргі таңда елдерді аралап, мәдениеттерді жақындастыруға үлес қосуда.

 

 МАЙЯ АЗУСЕНА, ӘНШІ /АҚШ/:

 - Бұл менің Астанаға алғаш келуім. ЭКСПО көрмесін көріп, үлкен мерекеге қатысу мүмкіндігін бергені үшін АҚШ елшілігіне алғысым шексіз. Өзім Бруклин қаласында тұрамын. Алайда музыканың арқасында талай жерлерді аралаймын. Өнер ұлттарды жақындастырады. Еркін сезінуге мүмкіндік береді. Поп, соул және хип-хоп стиліндегі әндерді қазақ аспаптарының сүйемелдеуімен орындадық. Өте ерекше шықты деп ойлаймын.

ЭКСПО-дағы Америка павильоны қайырымдылықтан жиналған қаражатқа салынып отыр. Ол үш залдан құралған. «Энергия кеңістігі», «Өмір энергиясы» және «Пост-шоу аймағы». Павильонда болашақ қуат көзін айқындайтын фильм көрсетілді. Кейін бір мезгілде үш үлкен экраннан «Өмір энергиясы» деп аталатын шоу ұсыналады.

 

ДЖОРДЖ КРОЛ, АҚШ-ТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Шексіз энергияның көзі - әрқайсысымызда бар. Бұл арманымызды асқақтатып, жетістікке жету жолында бәрімізді біріктіретін қуат. Сондықтан Астанадағы ЭКСПО көрмесіне келген әр адам өзіне ерекше қуат алып қайтады деп айта аламын. Қазақ елінің төріндегі халықаралық шараға туристердің барлығы келіп, өз көзімен көруі керек. Сонда ғана, Қазақстанның болашақ энергиясын қалай жүзеге асыратындығына куә болады.

 

АҚШ-та күн және жел энергиясы сынды баламалы энергия көздері көмір, газ және ядролық энергиядан әлдеқайда арзан. Мемлекеттік субсидияларды есептемегеннің өзінде де осылай. Бұл елде «жасыл» энергетика саласындағы жұмыс орындары жыл санап артуда. Өзге экономика салаларымен салыстырғанда өсім 12 есеге артық.

 

ДЖОЗЕФ МИЛЛМЭН, ГИД:

 - Мен Америка павильонында жұмыс істейтін 40 еріктінің қатарындамын. Маған Қазақстан өте ұнады. Біз түрлі салада, әр штатта жаңа энергияны пайдалануға тырысамыз.

 

АҚШ пен Қазақстан сан түрлі салада стратегиялық әріптес болуды көздеп отыр. Соңғы жылдары энергетикалық саладағы бірлескен жобаларды қолға алуға ден қойылған. ЭКСПО көрмесі бұл үшін зор мүмкіндік жасамақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер