Испания – жасыл энергетиканы зерттеу саласында көшбастап тұрған ел. Көрме жұмысының алғашқы айында аталған ел павильонын 130 мыңнан астам адам тамашалаған. Мұнда еден де, қабырға да таза материалдан жасалған. Павильон иелері оған кеткен қаржының көлемін де жасырған жоқ, павильонның құрылысы мен дизайнына 2 млн.еуро жұмсалыпты.

Испания – Еуропадағы шуақты күндері ең көп ел. 3 миллион үй экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етілген. Испанияда тұтынатын электрэнергиясының 40% жаңартылған энергия көздерінен алады. Жыл сайын 80 миллион тонна көмірқышқыл газын ауаға таралуына тоқтау салған ел.

 

АНА ПАСТОР, ИСПАНИЯ ДЕПУТАТТАР КОНГРЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Испания – жасыл энергетиканы зерттеу саласында көшбастап тұрған ел. Мәселен, Алмериядағы күн электр станциясы күн энергиясын зерттеу саласындағы әлемдік деңгейдегі озық орталық. Ал, Cener – жел турбиналарының беріктігі мен сапасына сынақ жүргізетін әлемдегі тұңғыш зертхана. Жаңартылған энергия көздерін қолдану саласындағы соңғы жетістіктерімізбен үлкен мақтанышпен таныстырамыз.

Испания – жел энергиясын өндіру бойынша әлемде бесінші, Еуропада екінші орында тұр. Бұл елде жел паркі бар. Жалғыз жел паркі жұмыс істеп тұрған біздер үшін үйренеріміз көп. Қалауын тапсаң қар да жанады, Испания есер желден пайда көріп отыр. Бұл ел жылына 2,5 млн. еуроға жел энергиясына арналған жабдықтар экспорттайды.

Ал, бұл - Иерро аралы. 10 мың халық бары бұл арал 100% су мен жел энергиясын ғана тұтынады. Зал ортасында жайқалып тұрған мына ағаш арқылы павильон авторлары адамзатты «жасыл энергияға» жұмылуға шақырады.

 

КАРМЕН БУЭНО, ИСПАНИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Испанияда тұтынатын электрэнергиясының 40% жаңартылған энергия көздерінен алады. Яғни, бізде күн мен желдің әлеуеті Қазақстандағы секілді өте зор. Бірақ, біз технологияның арқасында осындай көрсеткішке жетіп отырмыз.

 

Испанияның Ұлттық күнінде сахна төріне әйгілі Компания Фламенко тобының әртістері шығып, халық музыкасын ойнып, би биледі. Сондай-ақ, бүкіл әлемге танымал «Дон Кихот» туындысының үзінділері оқылды. Шараға көрме қонақтары да қатысуға мүмкіндік алды. Енді Испания көрмесін ұйымдастырушылар 1 апта бойы далада театрландырылған қойылым қойып, ұлттық кино туындыларына арналған фестиваль өткізуді де жоспарлап отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер