Қызылордалық ғалымдар құрылыс және мұнай өндірісінде энерго және ресурс үнемді технологиялар ойлап тапты. Ағаш қалдықтарының орнына қарапайым кебекті пайдаланып, мынадай арболит жасауға болады. Бұл әдіс - жеңіл бетон өндірісіндегі дәстүрлі технологиямен салыстырғанда біршама арзан әрі экологияны сауықтыруда пайдасы орасан.

 

СӘКЕН ҮДЕРБАЕВ, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

 - Жергілікті арзан шикізаттарды қолданамыз. Яғни жылу орталығының күлін, сонымен қатар әртүрлі химиялық қоспаларды айттық қой, сұйық шыны, калций хлорид. Солардың мөлшерін біз екі есе азайтып, арболиттің өзіндік бағасын төмендеттік.

Ал техника ғылымдарының кандидаты Нәби Даужанов темір бетон бұйымдарын өндіруші кәсіпорындар шығынын азайтудың жолын ұсынып отыр. Яғни бетон құймасын кептіру кезінде күн энергиясы пайдаланылады. Ол үшін арнайы гелиоқақпақ ойлап табылды.

 

НӘБИ ДАУЖАНОВ, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

 - Мысалы мынау гелиоқақпақ болатын болса, оның төрт жағына төрт рама орнатылады да, екі қабатты полиэтелендік пленка тартылады. Екі полиэтилендік пленканың белгілі арақашықтығы бар. Егер ол сақталмаса берілетін жылудың мөлшері өзгеруі мүмкін. Сол арқылы арнайы бекіткіш құлыптар арқылы бекітіліп, формалар қатаю процесіне қойылады.

Жергілікті ғалымдар мұнай бұрғылау кезінде шығатын шламдарды да пайдалы іске бағыттауға болатынын айтады. Әдетте тонналап көмір шығындалатын керамзит өндірісіне енді қара алтын қалдықтарын қолданған жөн.  

 

РОЗА НАРМАНОВА, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

 - Алынған технологияны біз Орал қаласындағы керамзит зауытында тәжірибелік сынақтан өткіздік. Ол зауытта акредиттелген зертхана бар. Сол зертхана біздің алынған керамзитіміздің құрамына сертификат сәйкестігін берді. Яғни мемлекеттік стандартқа барлық физикалық- механикалық қасиеттері бойынша сай келеді деген сөз ол.

«Қорқыт ата» атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің зертханасында бірқатар тың технологиялар әлі де сыналып жатыр. Басты мақсат – энерго және ресурс үнемдеу тәсілдерін жетілдіріп, отандық өндірістің өркендеуіне жол ашу.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер