Қазақтың киіз үйі, инновациялық өнертабыстар мен әлем панорамасы. ЭКСПО-дағы Ұлыбритания павильоны келушілерді өзіндік ерекшелігімен таң қалдыруда. Мұнда 8 мың компьютердің көмегімен жасалған 17 метрлік проекция орнатылған. Ал павильонның дәл ортасына киіз үй тігілді десе де болады. Ол да әдеттегі емес, инновациялық үй. 200 шыныдан құралған керегеге адам қол тигіздігінде панорамадағы тәулік сағаты мен жыл мезгілі өзгереді. Осылайша, павильон ұйымдастырушылары табиғат пен адамның байланысын көрсетпек болған. Сондай-ақ бұл жерде ғалымдардың соңғы жаңалықтарының бірі-графЕн бар. Оны сан түрлі салада қолдануға болады. Ғалымдардың айтуынша, бұл материал адамзат өмірін өзгерте алады.

 

САРА ЭВЕРЕТ, ҰЛЫБРИТАНИЯ ПАВИЛЬОНЫ КОМИССАРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Графен осыдан 13 жыл бұрын Манчестер университетінде ойлап табылды. Бұл жаңалық үшін ғалымдар Нобель сыйлығын алған болатын. Бұл адамзат ойлап тапқан ең берік материал. Қалыңдығы бар болғаны 1 атом болатын графен болаттан да берік және де жылуды сақтап, жылдам энергия бере алады. Графеннен жасалған шам 8 жыл жұмыс істеуге қауқарлы.

 

Сондай-ақ павильонға келушілер Ұлыбританияда энергетиканың даму тарихын біле алады. Келешектегі жоспарлармен де танысу мүмкін. Биыл ағылшындар «жасыл» экономикада жеке рекордтарын жасаған болатын. Барлық электр энергиясының жартысынан көбі жаңартылған энергия көздерінен алынды.

 

ГАРЕТ СТЕМП, ГИД:

 - Ұлыбритания «жасыл» энергетика саласындағы жетекші елдердің бірі. Біздің елімізде,негізінен, жел энергетикасы қолданылады. Лондон әуежайына келгенде судағы жел электр стансаларын көруге болады. Бұл біз үшін тың технология. Қазіргі біздің ең өзекті мәселелердің бірі – тұрмыстық қалдықтар. Сондықтан біз оларды қайта өңдеу тәсілдерін таптық.

EXPO-ның аясында Ұлыбритания Қазақстанмен ғана емес, өзге де мемлекеттермен «жасыл» энергетика саласында әріптестік орнатуды көздеп отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер