ЕХРО-2017 көрмесінің ең үлкен павильондарының бірі Корея еліне тиіпті. Таң самалы елінің өкілдері өздеріне бұйырған ауқымды кеңістікті барынша пайдаланып, шара қонақтарын таңқалдырар озық жобаларымен толтырыпты. Мұнда қолданылған үздік технологиялар инновациялық бастамалардың таныстырылымына келген меймандардың тікелей қатысуына мүмкіндік жасайды. Көрермендер заманауи баламалы қуат көздері әлеміне саяхаттап, кәрістердің осы саладағы көшбасшылығына іс жүзінде көз жеткізе алады.

 

-  ЕХРО көрмесіндегі Оңтүстік Корея павильонының тұжырымдамасы қандай?  Қонақтар қандай инновациялық жобалармен таныса алады ?

 

КИМ ДЖЕН ХУН, КОРЕЯ ПАВИЛЬОНЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Астанада өтіп жатқан ЕХРО-2017 көрмесіндегі біздің павильонда энергетика саласындағы озық технологиялар ұсынылған. Еліміздің инновациялық әлеуеті негізінен IT технологиялар арқылы танытылуда. Мұнда біз өмірімізді әлдеқайда жеңілдететін болашақ қуат көзіне қатысты өзіндік көзқарасымызды ала келдік.  «Ақылды энергетикалық микрожелілер» - бұл біздің басты тұжырымдамамыз, еліміздің болашаққа бағдарлаған негізгі бағыты - осы. Бізде күн  қуатынан энергия өндіру ісі дұрыс жолға қойылған. Жарық, су, жылумен қамтудың ақылды жүйелерін ойлап таптық. Отандық компаниялардың бірі бойлер арқылы жылу таратудың тиімді жолын ұсынып отыр. Біздің бастама жергілікті ауа райына бейімделгіш, және бір жерден ақпараттық технологиялар арқылы автаматты түрде басқарылады.  Мен Қазақстанда жылумен қамтудың орталық жүйесі бар екенін білемін. Біздің жаңашылдықты сіздің елдегі магистральдік құбыр желілерін жаңғырту үшін пайдалануға болады. Сондай-ақ, біз сутегімен жүретін жеңіл көлік түрін де ұсынып отырмыз.

 

– Инновациялық жобалар жайында толығырақ әңгімелеп берсеңіз.   

 

КИМ ДЖЕН ХУН, КОРЕЯ ПАВИЛЬОНЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Павильондағы ақпараттық роликтер біздің энергетикалық саланың жаңашылдықтары туралы ақпарат береді. Мысалы, күннен қуат алу жобаларына тоқталсам. Қолданыстағы күн батареялары әдетте тек шуақты күндері пайдалануға тиімді. Ал аспанды қалың бұлт басқанда істен шығады. Біздің бастаманың арықшылығы – күннен жарық өндірумен қатар, қуат үнемдеу жүйесі жетілдірілген. Электр қуаты үздіксіз таратылады. Сондықтан оған бұлтты күн кедергі бола алмайды. Өйткені артылғаны арнайы қоймаға жиылып, бұлыңғыр күндері іске қосылады. Жалпы, Оңтүстік Кореяда электр қуатын ысырап етпеуге бағытталған жобалар жеткілікті. Бұл салада біз әлемде көш бастап келеміз деп айта аламын.

 

Корея халқы баламалы энергия көздерін күнделікті өмірде қаншалықты пайдаланады?

 

КИМ ДЖЕН ХУН, КОРЕЯ ПАВИЛЬОНЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

– Егер де сіз Кореядағы кез-келген елді-мекенге баратын болсаңыз, әр үйде күн батареялары орнатылғанын байқайсыз. Тіпті қонысы аз шағын ауылдардың өзінде бұл күнделікті өмір салтына енген. Тұрғындар өздері тұтынып қана қоймай, артылған энергияны өзгелерге сата алады. Бұны кәсіп еткен жанұялар бізде көп.

 

 - 2012 жылы Корея елі ЕХРО көрмесін қабылдағаны белгілі. Онда ұсынылған жаңашылдықтар мемлекет алдында қандай мүмкіндіктер ашты?

 

КИМ ДЖЕН ХУН, КОРЕЯ ПАВИЛЬОНЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - ЕХРО-2012 халықаралық көрмесін Кореяның Ёсу қаласында ұйымдастырдық. Соның арқасында шаһар бар әлемге танылды. Қаладағы инженерлік желілер, инфрақұрылым толықтай жаңғыртылды. Бұл аймаққа шетелдіктердің қызығушылығы артып, инвестиция құйыла бастады. Сондай-ақ, қаланың туристік әлеуеті де артты.

 

 - Қызықты инновациялық жобалармен қатар, павильон қонақтарын Кореяның ұлттық күнінде қандай тосын сыйлар күтеді?

 

КИМ ДЖЕН ХУН, КОРЕЯ ПАВИЛЬОНЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Кореяның ұлттық күні шілде айының 19-ы күні өтеді. Оған арнайы еліміздің оркестрі келіп дәстүрлі және көпке танымал классикалық туындыларды орындайды. Таэквандо ұлттық спорт түрінің шеберлері шығыс-жекпежегінің қыр-сырын танытатын қойылымдар ұсынады. Ал «Сарыарқа» велокешенінде үздік сахна саңлақтарымыз мерекелік концерт береді. Бағдарламада еліміздің мәдениеті барынша көрсетіледі.

 

 - Астана ЕХРО-2017 көрмесінен алған әсеріңіз қандай?

 

КИМ ДЖЕН ХУН, КОРЕЯ ПАВИЛЬОНЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

– Мен Астана ЕХРО-2017 көрмесін алғаш көргенімде оның ауқымдылығына таңым қалдым. Халықаралық шараны ұйымдастыру кез-келген елдің қолынан келе бермейді. Және құрылысы қысқа мерзімде аяқталғанын білемін. Дей тұра сәулеті күрделі ғимараттар салынып, заманауи технологиялар көптеп пайдаланылғаны көрініп тұр. Көрмеден кейін Қазақстанның алдында үлкен мүмкіндіктер ашылады. Ал ЕХРО нысандары мен қолданылған жобалар ел игілігіне жұмыс жасайтынына сенімдімін.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер