ЕХРО-2017 көрмесіндегі Ресей павильоны танымал ондықтың қатарында. Көршілеріміз энергетикадағы жетістіктерін дауыл нышанымен беруді жөн деп тапқан. Бұл павильон жаздың шуақты күндерінде салқын тартқан өміршең инновациялық жобаларымен танылып, өзгелерінен ерекше. Ресей технологияларын көруге келген қонақтар мүлдем басқа құрлыққа түскендей сезінеді. Көршіміз халықаралық шараның баршаға ортақ «Болашақ энергиясы» атты басты тақырыбын Орыс Арктикасы аймағының бірегей үлгісі ретінде паш етіп, келушілерін таң қалдыра алды.  Дәл осы аймақ Ресейдің баламалы қуат көздерін дамыту тұрғысында ең келешегі зор өлке саналады.

 

ЮЛИЯ ЛОПАРЕВА, РЕСЕЙ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Арктика - бұл пайдалы қазбаға өте бай аймақ. Оның қойнауында қажетті ресурстардың барлық түрлері кездеседі десем, қателеспеймін. Ресейдің қалың мұздықтар астындағы құрлықты зерттеп, аса күрделі аумақтарды игеріп жүргеніне біраз жыл болды. Арктикада өзге құрлықтарға да шарапаты тиетін аса ірі жобалар жүзеге асып жатыр.  Бұл бірінші кезекте қоршаған ортаны сақтап қалуға қатысты.

Ресейліктер ұсынып отырған технологиялардың әлемде баламасы жоқ. Мәселен, мына қабырға стендінде құр сурет емес. Жыл соңына дейін жүзеге асатын «Лидер» мұзшарғышы. Алып су кемесінің басты ерекшелігі  4 метрлік мұзды еркін кешіп, жоғары жылдамдықпен бағындыра алады. Бұл қолданыстағы баламалы үлгілерінен екі есе қуатты. Бастысы лайнердің ауа-райы жағдайларына тәуелсіз түрде жыл бойы навигациялау мүмкіндігі бар.  Жол машақатын шешу қамындағы мұндай сипаттамалар жүк тасымалдау ұзақтығын барынша қысқартуға қолайлы жағдай жасайды. Айта кетейік, Ресей – әзірге атомды мұзжарғыштар  флоты бар әлемдегі жалғыз мемлекет.  Павильонның ортақ тұжырымына сай, мына арктикалық нағыз мұзды сең – экспозицияның ең жарқын элементтерінің бірі.   

 

АЙГҮЛ ДӘМЕТОВА, ГИД:

 - Павильонның ж.регі, ең қызықты жері бұл Арктиканың өзінен алып келген Айсберг. Бұл мұздың көлемі - 208 метр. Төменде тоңазытқыштармен ұстап тұр оның температурасын. Мына жерде температура 18 градус болса, мұздың маңы -5 градус. Бұл Айсберг 2 жылдың ішінде пайда болған екен.

Ал мына экспозиция – Арктикадағы жұмысшылар тұратын шағын қалашықтың дәл көшірмесі. Бұл мекендегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік мекемелер, қоғамдық нысандар сынды бар ғимараттарға жақын арада электр қуаты мына лайнермен жеткізілетін болады. Жүзгіш электр станциясы белгілі уақытта паромға аялдап, қалалықтар тұтынуға жеткілікті жарық қорымен қамтымақ. Жаңа жобаның  бар жұмысы мен  жүйесі толықтай автаматтандырылған.

ИРИНА КЛИМОВА, ГИД:

– Жаңа жүйе Солтүстік Мұзды мұхиты аумағындағы Певек қалашығына ендірілетін болады. Бұны елді мекеннің энергетикалық дәріханасы деп те айтуға болады. Станцияда әрбірі 35 Мвт-тық екі бірдей реактор жұмыс істейді. Ол 25 мың тұрғыны бар қаланы электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етіп тұрады. Жоба 40 жылға жоспарланған. 

Болашақ энергия көздерін айналымға енгізу алдымен саланың қоршаған ортаға тигізер залалын төмендетудің қамы, дейді мамандар. Бұл орайда ресейлік ғалымдардың өнертабыстары өзгеге үлгі. Шекаралас ел экологиялық жағынан әлеуеті зор әрі аса тиімді технологияларды өндіріске енгізіп, осы арқылы айта-айта жауыр болған қоршаған ортаның күрмеулі мәселелерін түйінін шешуге басымдық береді.

 

МАРИЯ НИКОЛАЕВА, ГИД:

 - Мына экспозиция тұқымы аз тараған Амур жолбарыстарын сақтап қалуға бағытталған жобаларымыз жайында баяндайды. Биылғы жыл Ресейде «экология жылы» деп жарияланған. Оның аясында елімізде сирек кезігетін аң-құстар мен өсімдіктердің санын арттыруға арналған экологиялық шаралардың бағдарламасы құрылды. Бұл мемлекетіміздің флорасы мен фаунасын сақтап қалу үшін аса қажет.

Осындай кешенді шаралардың арқасында соңғы 32 жылдың ішінде жойылу қаупі төнген Амур жолбарыстарының саны үш есеге артыпты.  Бүгінде Ресей аумағында бұл жануарлардың басы 600-ге жуықтаған.  Ал 2020 жылы жабайы мысықтардың қатары 700-ге жетеді деп болжануда. Ешкімге ұқсамас  павильон тұжырымдамасы дауыл энергиясы, арктикалық мұзды сең, көпқырлы декорациялар, Полярлық жартышар, мультимедиалық аттракцион, сондай-ақ гидроэнергетика, көмірсутек салаларындағы, балама және қайта жаңғыртылатын қуат көздерінің бірегей жобалары келген қонақтың бірін де бей-жай қалдырмайды.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер