EXPO халықаралық көрмесінде Мадагаскардың ұлттық күні өтті. Үнді мұxитында орналасқан бұл арал EXPO қалашығына келушілерді қайран қалдыра алды. Мемлекеттің өнерпаздары көрермендердің назарына ұлттық музыкасын ұсынды. Жалпы, мадагаскарлықтар күн мен желдің энергиясын жиі қолдануға тырысады. Тіпті, мұнда ұялы телефондардың өзі күннен қуат алады. Бұл елдің Үкіметі қоршаған ортаны қорғау үшін жаңа энергетикалық саясат жүргізіп келеді. Оған сәйкес 2030 жылға дейін елдегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру жоспарланған.

 

РОТСИ РАТСИМБАРИСОН, МАДАГАСКАР ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - Біз EXPO көрмесінде қоқысты қайта өңдеу технологиясымен таныстырып отырмыз. Яғни, мадагаскарлық ғалымдар тұрмыстық қалдықтардан энергия өндіруді ойлап тапты. Біздің мемлекеттің баламалы энергия өндірісінің әлеуеті зор. Сондықтан біз Астанада өтіп жатқан маңызды шара инвесторларды табуға жақсы мүмкіндік береді.

Мадагаскар елінде күн жылына 2800 сағат бойы шуағын шашып тұрады екен. Осыны пайдаланып африкалықтар кеңінен күн панельдерін орнатып, электр қуатын өндіретін зауыттар салуда.

Сомали республикасы да ұлттық күнін атап өтті. Самолиліктер EXPO-ға салт-дәстүрлерінен хабар беретін бағдарлама дайындап әкелген. Олардың танымал әншісі Ник Косова осы шарада Сомали дәстүрлі әуендерінің желісіне құрылған афро-поп әндерін орындап берді. Сонау Шығыс Африкадан келген сомалиліктердің айтуынша, елдерінде жиі құрғақшылық болады. Сондықтан, жасыл энергетиканы, осы салаға қатысты технологияны меңгеру жолдарын қарастырып жатыр. Олардың басты мақсаты – баламалы энергияны қолдануда көш бастап тұрған мемлекеттердің озық жобаларымен танысып, әріптестік орнату.

 

ЛУШКУ ВАЛУШИКУ, СОМАЛИ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Африка құрылығынан ЕХРО-ға 20-ға жуық мемлекет қатысып жатыр. Барлығы да жаңартылған энергияны табыстың көзі санайды. Сомалидің де күн энергиясына қатысты жобалары бар. Оны әлі де толықтыра түссек дейміз. Бізге бастысы тәжірибе жинақтау керек. Ал, Қазақстан маған ұнады. EXPO-ның дәл осылай жоғары деңгейде өтіп жатқандағы сіздердің президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы дер едім. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер