ЕХРО көрмесіндегі «Нұр әлем» павильонының алтыншы қабаты «Күн энергиясы» тақырыбына арналған. Алаң басты үш экспозициядан тұрады. Қонақтар бірінші инсталляцияның ішіне кіріп, күн жүйесінің жұмыс ырғағымен таныса алады. Мұнда оның құрылысы мен жанында қандай үдерістер болып жатқаны айқын көрсетілген. Құрылғыны әзірлеушілер іштегі ауа температурасын жоғарылатып, келушілерге күннің жылуын сезінуге мүмкіндік берді.

 

СӘУЛЕ САҒАТОВА:

 - Біз осында Алматыдан келдік. Бәрі ұнап жатыр. Жақсы әзірленген. Бүкіл халықты ұлттық павильонымызды көруге шақырамын.

Павильонда заман талабына сай технологиялар да аз емес. Мәселен, голландиялық студенттер ойлап тапқан автокөліктер. Техника отынсыз-ақ, күн көзінен  қуаттанып қозғалады. Алаңда тұрған модельдер макеті болса да, қазір шетелде бұл темір тұлпарлар белсенді пайдаланылып жатыр.

 

АЙБЕК МҰХАМБЕКОВ, ГИД:

 - Бұл күн автомобилі Германияда жасалынған. Жылдамдығы 120 км/сағатына. 500 шақырым жерді өте алады. Мына жерде күн автомобильдерінің макеттері ұсынылған. Яғни сіз айналарды қолданғанда, машиналар өз бетімен жүре алады.

 

ДАРЫН АЛЛАБЕРГЕН:

 - Көрмеге бірінші рет келдім. 6-қабатқа көтерлідім. Бұл жерде күн энергиясы  күн жүйесі туралы көп заттарды білдім. Күн адамдарды жылытады, барлық жерлерге пайдалы.

Айта кетейік, Қазақстанда күн энергиясының ресурстары жетіп-артылады. Әзірге, табиғаттың бұл сыйы толыққанды қолданылып жатпаса да, мамандар елдің бұл саладағы әлеуеті зор деген пікірде. Қазірдің өзінде көптеген ғимараттардың шатырына күн батареялары орнатылған. Кішігірім күн электростансалары да саудаға шығарылған. Сондықтан бұл бағытта еліміздің болашағынан үлкен үміт күтуге толық негіз бар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер