Электронды кілтпен Германияға саяхат. ЕХРО-ға келушілерді неміс павильоны «болашақ» көлігі және «ақылды» қалалармен таң қалдыруда. Павильон қонақтарына кіреберісте жел, су, геотермия, күн және биомасса жолақтары жол сілтейді. Олардың бәрі «смарт-грид» құрылғысында тоғысады. Германия бұл баламалы энергия көздерінің бәрін бірдей сәтті қолдануда.

 

ГҮЛМИРА АМАТОВА, ГИД: 

 - Өндірілетін энергия көздері мен тұтынылатын энергияны тепе-теңдікте сақтауымыз керек. Осыны адамдар түсінуі үшін смарт деген құрылғы қойғанбыз. Бұл шеңберді тура ортасына келтіру керекпіз. Ол оңай жұмыс емес. Міне, таптық біз. Тепе-теңдікті таптық.

 

Павильон авторлары қонақтарды «жасыл» энергетика саласындағы заманауи шешімдермен танысуға шақырады. Мәселен, павильондағы «ақылды» қаланың тұтынған энергиясынан гөрі өндіретіні әлдеқайда көп. Соңғы жылдары Германияда биоэнергетика да белсенді дамуда. Бірнеше жыл бұрын елде биомассадан 44 террабайт сағат электр энергиясы өндірілген. Бұл Германияның барлық  көшелеріндегі жарық шамдарын 10 жыл бойы электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін барынша жеткілікті.

 

ДИТМАР ШМИТЦ, ГЕРМАНИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ КОМИССАРЫ:

 - Павильондағы қызықты жобалардың бірі – балдырлардан жасалған үйдің бұрышы. Бұл жерде өсімдіктердің фотосинтез процесінің арқасында энергия алу мүмкін болып отыр. Тек бір осындай фасад 70 пайызға дейін энергия өндіріп, барлық үйдің қажеттілігіне жете алады. Мұндай жобалардың біразы теңіз, өзен маңында жүзеге асырылуда. Германия жаңа технологияларды одан әрі дамытуға ниетті.  

 

Биыл Германиядағы электр энергиясының 85 пайызы жаңғыртылған энергия көздерінен алынған. Мамандар болса, неміс технологиялары елдің бірден 100 пайызын жаңғыртылған энергиямен қамтуға мүмкіндік беретініне сенімді. Бұған Германия әзір,-дейді олар. Алайда немістер бұл тұста өзге елдермен әріптестік орнату мүмкіндіктерін қалт жібермеуге тырысуда. Қазақстан-Германия ортақ жобаларының бірі – Ерейментаудағы жел паркі. Электр стансасы Астанадан жүз шақырымдай қашықтықта орналасқан. Бұл жерде үнемі жел еседі. Ал жылдамдығы  8 метр секунд жел тұрақты энергетикалық өнім алуға жағдай жасайды.

 

АРДАҚ АЛЬБРЕХТ, ГИД:

 - Мына картаға қарасаңыз, сары және қызылмен көрсетілген жерлер. Бізде Қазақстанда жел көп. Желден электр энергиясын шығару үшін ол қуатты және тұрақты болуы керек. Ерейментау Астананың жанында орналасқан. Қатты жел Каспийдің маңында және Шелек дәлізі маңында бар. Бұл терминал онлайн режимінде Ерейментаумен қосылған. Ерейментаудан техникалық ақпарат тура келіп тұр. Желдің соғуы, жылдамдығы, осы кезде қанша электр энергиясы өндіріліп жатқанын панельден көре аласыз.

Германия павильонында әсер етерлік экспонаттар жетерлік. Келушілер үшін энергетикалық шоуға дейін әзірленген. Ол да электронды кілттердің көмегімен іске қосылады. Ұйымдастырушылардың көздегені – баламалы энергия көздеріне көшуде әр тұрғын үлесінің маңызды екендігін аңғарту.

Өзінің ұлттық павильонына Германия 15 млн еуро қаражат бағыттаған. Бұл өзге елдермен салыстырғанда аз сома емес. Павильонның ерекше дизайны мен бағдарламасы келушілерді қызықтыруда. Бір айдың өзінде оны елу мың адам тамашалаған. Барлығы ЕХРО кезінде 500 мыңға жуық келуші болады деп күтілуде.

 

САУАЛНАМА:

1. Біздің өзіміздің жұмысымыз да сол энергия шығару электростансамыз. Маман ретінде қарасақ, бәрі өте қызық. Бес энергияны шығару, қолдануды көрсетіп жатыр.

2. Мен әдейі Германиядан келдім. Біздің павильонымызбен мақтанамын. Бәрі айқын көрсетілген. Бірнеше жобамен танысуға болады. Ішінде көрсетілген жобалары бойынша қазақстандық павильондай болады деп айта аламын.

 

«Болашақ энергиясы» тақырыбындағы көрмеде Германияның айтары да, көрсетері де мол екені сөзсіз. Өйткені бұл ел «жасыл» энергетика саясатын бастаушылардың алдыңғы қатарында. 2022 жылы Германия парниктік газдар шығарындыларын 95 пайызға азайтып, атом электр стансаларынан мүлдем бас тартуды жоспарлауда. Еуропалық елдің бастамасы өзге мемлекеттерге үлгі болмақ. Бұл ретте ЕХРО-ның елдер арасында тәжірибе алмасудағы рөлі зор.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер