Жел, от, су, жер. Бұл – табиғаттың адамзат игілігі жолындағы теңдесіз сыйы. 19-ғасырдың басында жасанды қозғалтқыштардың көлеңкесінде қалған мұндай энергия түрлері бүгінде қайта жаңғырып келеді. ЕХРО халықаралық көрмесіне келушілер баламалы қуат көзінің осы түрлерімен етене танысты. «Нұр Әлем» ұлттық павильонының бесінші қабаты жел энергетикасындағы бірқатар тың жобаларға арналды. Солардың қатарында мына бір өнертабыс бар.

 

МАҚСҰТ ҚАЙЫРҒАЗИН, ГИД:

 - Бұл цилиндр пішінді өнертабыс Испанияда ойлап табылды. Оның тыныш жұмыс жасауы жел диірмендерінен басты артықшылығы болып саналады. Айналадағы жануарлар мен құстарды еш үркітпейді. Екіншіден, экологиялық таза және көлемі де шағын. Қалыпты қуат өндіруі үшін жылдамдығы секундына 1 метр жел болса жеткілікті. Үстіңгі бөлігі жылжымалы, сәйкесінше жел ескенде аздап шайқалып, пайда болған вибрацияны генераторға жібереді. Ал генератор электр қуатын өндіреді. Бұны шағын үйге таптырмас қуат көзі десек те болады.

 

Көрмеде шығыс пен батыс ғалымдарының әр ғасырда ойлап тапқан басқа да өнертабыстары туралы деректер ұсынылды. Ал алып экран арқылы павильон қонақтары желдің түр-түрін тамашалап қана қоймай, оны тұла-бойымен сезініп көрді. Жел – ежелгі халықтардың аңыз-ертегілерінде жиі кездесетін құбылмалы кейіпкер. Бірде ол – тұнық самал, енді бірде ашулы дауыл мен құйын. ЕХРО қонақтары жел туралы аңыздарды естеріне түсіріп, мынадай интерактивті глобустар арқылы желдің қалай пайда болатынын білді. Сонымен қатар, виртуалды торнадо генераторын іске қосып, уақыттарын қызықты өткізді.

 

САУАЛНАМА:

1. «Мен бұл көрмеден көп мағлүмат алдым. Жел мен күннен қуат алу технологиялары мені қатты қызықтырды. Барлығын бірден түсініп кетуге болады. Мен секілді оқушылар үшін өте пайдалы».

2. «Мен Үндістаннан келдім. Жасым 16-да. Көрме өте ұнады. Бірнеше павильонды араладым. Қазақстан мен Қытайдың павильондары ерекше әсер қалдырды».

3. «Осы Нұр Әлемнің 7-8-6 қабаттары ұнады. Аты энергия туралы болғандықтан бүкіл этаждардың бәрі энергия туралы. Біреуі галактика, күн, бәрі бізге өте көмектеседі, себебі біз де оны қазір өтіп жатырмыз».

 

«Нұр Әлем» ұлттық павильоны 8 қабаттан тұрады. Әр қатар түрлі табиғат тылсымына арналған. Бұның алдында таныстырылған бастапқы 3 қабаты су, кинетика және биомасса тақырыптарын қамтыды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер