Адамзат күн сәулесінің энергиясын күнделікті өмірде қажетіне жарата бастағалы қашан. 2013 жылы Гималай тауларындағы алыс елді мекендер де баламалы энергия көздеріне қол жеткізді. Жаһандық Гималай экспедициясы қолға алған жобаның арқасында тау басындағы алпыс ауылдың 15 мыңдай тұрғыны жарыққа қарық болып отыр. Көпшілік бұл жұмысты Астанадағы EXPO-2017 көрмесінің үздік тәжірибелер алаңынан көре алады.

 

ДИНАРА СЕЙІЛХАНОВА, КӨРМЕ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Бұл жерде жаһандық Гималай экспедициясы деп аталатын жоба көрсетілген. Бұл жобаның негізгі мақсаты – Үндістанның Гималай таулы елді мекендерін электр желісімен қамтамасыз ету. Бұл елді мекеннің тұрғындары ешқашан электр желісін көрмеген, ешқашан қолданбаған болатын 2013 жылға дейін. Елді мекеннің тағы бір ерекшелігі жылына үш жүз күндей күн сәулесі түседі. Сондықтан күн панельдерін орналастыру бұл жерде өте тиімді болып келеді.

Ауылдардан бөлек, қалалық жерлерде де күн сәулесін кәдеге жаратады. Мысалы, жаяу жүруге арналған жолдар мен саябақтарда күн панельдерін төсеп қуат алуға болады. Яғни, жердің беткі қабатына пластиктен жасалған арнайы құрылғыны орналастырып, күн сәулесінен баламалы энергия өндіріледі. Бұл технология қазір Астанада қолданысқа енгізіліп жатыр.

 

МИЛОШ ИЛЕШ, PLATIO ЖОБАСЫН ҚҰРАСТЫРУШЫ:

 - Біз пластик қалдықтарынан жол үстіндегі тақтайшаларды құрастырдық. Оның ішінде арнайы кабель мен панель бар. Бұл құрылғы күн сәулесі мен жаяу жүргіншілердің қозғалысынан қуат алады. Бұл энергияны кабель арқылы қалалық электр желісіне жіберуге болады.  

Үздік тәжірибелер алаңындағы жобалардың дені адам өмірінде сәтті жүзеге асып жатыр. EXPO-2017 халықаралық көрмесі аясындағы тың идеялар енді еліміздің игілігіне жұмыс істейтін болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер