Заманауи технологиялары озық дамыған Жапония баламалы қуат көзін өндіру ісі бойынша да көшбасшы мемлекеттердің қатарында келеді. Күншығыс елі ЕХРО-2017 көрмесінде осы салада қол жеткізген үздік жобаларымен бөлісті.

Павильонмен танысу сырттан басталады. Еріктілер келушілер ішке енбей тұрып қонақжайлылықтарын танытып, алда тамашалайтын инновациялық бастамаларының мән-жайын баяндап, қысқаша ақпар таратады. Кеничи Коджима сынды қонақ күтушілер ана тілімен қатар, ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгерген. Көрмеге барынша дайындалған ол дүйім жұртқа төл мәдениетін насихаттап, отандастарының бүгінгі толағай табыстарынан құлағдар ету үшін қазақ тілін де азын-аулақ меңгеріп алыпты.

 

КЕНИЧИ КОДЖИМА, ЖАПОНИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - 2005 жылы менің туған қалам  Аичиде ЕХРО көрмесі өтті. Сол уақыттан осындай үлкен әлемдік шараға атсалысуды армандадым. Біраз оқып, дайындалдым. Осылайша аңсағаныма жетіп, өз елімнің атынан ЕХРО-2017 көрмесіне келдім. Жер шарының болашағын айқындайтын шараға қатысқанымды мақтан тұтамын. Және мені жасыл  технология саласы қатты қызықтырады.

 

Жалпы, Жапония көрмеде 3 энергия көзі бойынша өз жобаларын ұсынды. Яғни, дәстүрлі, баламалы және болашақ энергиясының ара жігін іс жүзінде паш етуде. Бірінші бөлімде түрлі энергетикалық мәселелеріді шешу жолындағы жапон халқының жинақтаған зияткерлік әрі технологиялық тәжірибелері ұсынылған. Табиғи ресурстары шектеулі, өз мұнайы жоқ елдің баламалы қуатқа құлшынысы мықты. Фукусимадағы табиғи-техногендік апаттан кейін 54 ядролық реакторын тоқтатқан ел 2030 жылға дейін атом электр станциясының үлесін нөлге теңестіруді жоспарлайды. Қазір экологиялық жағынан таза, қауіпсіз, әрі дәстүрлі баламаларынан аса тиімдірек сутегі энергетикасы жобаларын қолға алған.

 

ХИДЭКАЗУ ШИБАМОТО, ЖАПОНИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

 - 1973 жылғы мұнай дағдарысы Жапонияны энергия тапшылығына әкеліп соқты. Бұл мәселені шешу үшін энергетика саласын ғылыми зерттеу жағына ден қойып, инновациялық ізденістерге бет бұрдық. Баламалы қуат көздеріне бірден түбегейлі көшу мүмкін емес. Алдымен ірі өндірістік кешендерді жаңғыртып, энергия үнемдеу шараларын бастадық. Мұнай мен атом энергиясын тұтынуды біртіндеп азайтып жатырмыз. Көмір мен жанар-жағармайды таза отын түрлеріне алмастыру ісі кешенді түрде жүргізілуде.

 

Күншығыс елі павильонының екінші бөлімінде қонақтар жапон халқының ақыл-ойы мен рухы сақтала отырып жасалған жобаларды кең экранды монитор мен смартфондар арқылы тамашалай алады. Бұл туындылардан жапондардың 2020 жылы биоотынмен жұмыс істейтін ұшақтар шығаруға кіріскенін білдік. Жақында осы елдің ғалымдары кепкен теңіз балдырларынан барлық химиялық көрсеткіштері керосинге ұқсас жанармай жасауды ойлап тауыпты. «Жасыл» отын өндіруші зауыттар ірі әуежайлардың маңында бой түземек. Қазір тәулігіне 5 баррель өнім жасауға қауқарлы биокәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Мамандар елдегі бар ұшақты жаңа отын түріне көшіру үшін бұл аздық ететінін айтады. Бірақ ол уақыт еншісінде. Бұдан көретін басты шарапат қоршаған ортаға бөлінетін зиянды заттардың мөлшерін әлдеқайда төмендеуінде.

 

ХИДЭКАЗУ ШИБАМОТО, ЖАПОНИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Біздің басты мақсатымыз – қоршаған ортаға бөлінетін көмірқышқыл ғазының мөлшерін азайту. Қазір барлық зерттеулерімізді осыған бағыттап жатырмыз. Жаңа отын өндірісі  экономикалық жағынан қарасақ, дәстүрлі жанармайдан қымбатырақ түседі. Дей тұра экологиялық мәселелерді шешу үшін бұндай қадамға бармақпыз. 

Ал үшінші залда келушілерге қоршаған ортаға келеңсіз әсерді азайтатын болашақтың технологиялары туралы жеңіл әрі түсінікті түрде айтылады. Бұл аумаққа келген азаматтар түрлі ойындар ойнай алады. Мысалы, Моризо мен Киккоро есімді компьтерлік кейіпкерлермен бірігіп, қоршаған ортаны көмірқышқыл газынан арылтуға болады. Ойын кішкентай балаларға да түсінікті етіп жасалған. Бүлдіршіндер оны қызықтап қана қоймай, ой-өрісін кеңітетіп, қарапайым дүниелер арқылы қалай қуат көзін алуға болатытын  біліп алады. Таза қуат алу ол бір мәселе болса, оны ысырап етпеу де аса маңызды.  Бұл орайдағы енді бір жапондық өнерптабыс – артылған баламалы энергияны сақтайтын мына контейнер.  

 

ЖАНАР НҰРТӨЛЕУ,  МЕНЕДЖЕР:

 - Бұл күн энергиясының торабы. Онда күн панелімен қатар  аккумуляторлы батарея орнатылған. Екіншісі жиналған энергияны сақтауға арналған. Бұл жүйе сондай-ақ сутегі мен химиялық отын энергиясын сүзбеден өткізіп таза қуат көзіне айналдырады.   

 

Жапония жаңа туындыларымен қатар, барша әлем тиімділігін мойындап үлгерген өзге де танымал иновацияларымен бөлісті. Мәселен, бүгінде дүниежүзінде кеңінен пайдаланып жүрген Led шамдарды жапон ғалымдары өткен ғасырдың 90-шы жылдары ойлап тапқан. Өнертабыс иелері физика саласы бойынша Нобель сыйлығына ие болды. Бұл энергия үнемдегіш шамдар 15 жылға дейін қызмет жасайды. Сондай-ақ, бұл бөлімде павильон қонақтары «үй энергиясын басқару» технологиясымен таныса алады. Жапония сондай-ақ, ақылды үйлерімен танымал. Баспана иелері қуат көзін күннен алуға дағдыланып алыпты. Жер үйлердің денінде өзінің шағын электр станциясы бар. Жоғары технологиялық үй жиһаздары да энергия үнемдеуге бағытталған. Ондағы сандық сенсорлы жүйелер адамның температурасын ескеріп, арнайы есептеулер арқылы энргияны қажетінше реттеп отырады.  Бұл мемлекетте қуат көзін тимді пайдалану бойынша көптеген заңдар қабылданып, арнайы жобалар ұдайы жүзеге асып тұрады. Күншығыс елі осындай  жасыл технологиялар бойынша ешкімге дес бермейтінін ескерсек,  павильонға келген қонақтар өз уақытын босқа өткізбейтіні айдан анық.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер