ЕХРО көрмесіне орай елорда көшелеріне электр автобустары шығарылған. Экологияға ше зиян келтірмейтін көліктердің бірнеше ерекшелігі бар. Жолаушыларды тегін тасиды. Екіншіден, Қазақстанда құрастырылған. Қоғамдық көлік сағатына 150 шақырымдық жылдамдықпен жүре алады.

 

МАХАББАТ ИБРАИМОВА, КОМПАНИЯНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Бұл автобустар зиянды газ шығармайды. Басты артықшылығы – осы. Қоршаған ортаны ластамайды. Осы өңірдің климатына бейімделген, жыл он екі ай қызмет көрсете алады.

 

Автобус 8 минуттың ішінде қуат алып, 70 шақырымдық жолды кедергісіз жүріп өтеді. Көліктің батареялары да 8 жыл қызмет көрсетуге қауқарлы. Мамандардың айтуынша, электркөлікті іске қосу қарапайым автобустарға қарағанда әлдеқайда арзан. Техникалық тұрғыдан алсақ, шығындалатын қосалқы бөлшектері көпке жетеді.  Батареяларын қуаттаса болғаны.

 

ҰЛАН МҰСАБЕКОВ, ЖҮРГІЗУШІ:

 - Автобустың ең басты ерекшелігі - мотордың дауысы ішіне шықпайды. Дауысы естілмейді. Жанармайдың иісі шықпайды. Жүргізушілерге де, жолаушыларға да өте ыңғайлы.

Экобустар «Бәйтерек»–«ЕХРО көрмесі» – «Жасыл орам» бағыты бойынша қатынайды. 15 шақырымдық жолды аз уақыт ішінде еңсеріп, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

 

ЖӘМИЛӘ ҚАРАБАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Осындай автобуспен жүру бір ғанибет. Міне, Шымкенттен Астанаға арнайы қонаққа келдік. ЕХРО көрмесін тамашалауға бара жатырмын. Осындай көліктер көбейе берсе ғой.

 

Айта кетейік, бұл – елімізде жасалған экологиялық таза автобустардың алғашқы легі. Әзірге қазақстандық қамту 40%-ды құрап отыр, яғни  өндіруші компания алдағы уақытта бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізбек.

Экокөліктер жүретін Астанада күннен қуат алатын аялдамалар пайда болды. Олар бір күнде. 800 ватт электр қуатын жинайды. Ал ол аялдаманың жұмыс істеуіне толығымен жетеді. Мамандар тіпті солтүстіктің аязды күндерінде де панельдер тұрақтың жылуы мен жарығына кететін электр энергиясын оңай өндіреді деп отыр.

 

РУСТАМ ҚАДЫРОВ, ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІН ЖАҢАРТУ ЖОБАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Күн батареяларынан өзге бұл жерде, аккумуляторлы батареялар қолданылған. Яғни ол күндіз қуатты жинайды, кешке оны таратады. Әзірге тек 5 жабық аялдамаға орнаттық. Тағы 27-сіне орнату жоспарланған.

 

Бұл әзірге пилоттық жоба, ал болашақта жеке инвесторлар тарапынан толығымен іске асырылады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер