«Энергия – ол біз». Астана ЕХРО көрмесіндегі Ұлыбритания павильонының тақырыбы осындай. Көрменің «Болашақ энергиясы» бағытымен үндес ұранмен Ұлыбритания өзінің энергия және тау-кен саласындағы ғылыми және инженерлік мол тәжірибесімен бөлісіп, жұмыстарымен таныстырады. Біріккен Корольдіктің павильоны туралы оның бас комиссары Чарльз Хендри әңгімелейді. 

 

ЧАРЛЬЗ ХЕНДРИ, ҰЛЫБРИТАНИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ БАС КОМИССАРЫ:

 - Біз адам мен табиғаттың өзара байланысын көрсеткіміз келді. Сол себепті британ павильонына саяхат басты энергия көзі – күннен басталады. Біз барлығымыз күннен қуат аламыз. Павильонда адамның табиғатпен, қоршаған ортамен байланысын ғана емес, біздің оған қалай әсер ететінімізді көрсетеміз. Адамдардың барлық шешімдері қоршаған ортаға және энергияға әсер ететіні анық. Павильонымызда алып экрандардан алып панорама жасадық. Ол келушілердің санына қарай өзгеріп, адамдармен байланыс орнатады. Павильонда Корольдікте соңғы 200 жылда орын алған инновациялар ұсынылған. Біз индустриялық революциядан бастап, өткен ғасырдағы технологиялар, реактивті қозғалтқыш, интернет тақырыптарын қамтыдық. Ал болашақ технологияларынан «графен» материалын ұсынуды жөн көрдік. Бұл – Манчестер университетінде орыс ғалымдары жасаған маңызды жаңалықтардың бірі және ол энергия пайдалану, оны жеткізу саласына жаңалықтар енгізері анық. Инновациялардан басқа, біз Қазақстан мен Ұлыбританияның тығыз байланыстарына да назар аудардық.

Ұлыбританияның жоғары оқу орындары әлемнің ең үздік университеттерінің қатарына кіреді. Дүние жүзінің алдынғы қатарлы 10 университетінің төртеуі Біріккен Корольдікте орналасқан. Ол білім ордаларында әлемнің түрлі елдерінен ғалымдар еңбек етеді, олардың арасында дарынды жас қазақстандықтар да жетерлік. Біз әлемнің үздік ғалымдарының жұмыс істеуіне, бүгінгі күннің және болашақтың ең күрделі мәселелерінің шешімдерін табуға жағдай жасап отырмыз. Осы тұрғыда «графен» материалы – үлкен жетістік. Бұл – біздің түрлендіруші технологияны анықтай алғанымыздың белгісі. Оны пайдалану аясы кең, ол барлық ғалымдардың қызығушылығын тудырып отыр. Қазір бүкіл әлем, бизнес және университеттер «графен» үшін өз қосымшаларын ойлап табуға тарасуда, оны батарея түрінде тасымалдау, үйлерді жарықтандыру сияқты көптеген мәселелерді шешуде қолдануға болады.  Және Ұлыбритания – осы оқиғалардың дәл ортасында.

Меніңше, адамдар бір әрекетке жұмылғанда, олар барлығымызды біріктіретін ортақ нәрселер көп екенін түсінеді. Біз Астана ЕХРО көрмесіне келген барлық елдермен ынтымақтастыққа ашықпыз. Егер де мемлекеттер тығыз әрекеттестікке ұмтылса, онда өз идеяларымен де бөлісуге дайын болуы керек. Маңызды тақырыптар төңірегінде бар әлемді біріктірудің өзі өнер.

Мұнда 115 елдің павильоны бар. Мен әр елдің павильонын аралағым келеді. Осылайша, басқа елдердің «жасыл» энергетика тақырыбында не ұсынғандарын көріп, Ұлыбританияның да бұл мәселеге бей-жай қарамайтынын айтқым келеді. Сондай-ақ, көрмеде күн сайын әр елдің Ұлттық күні өткізіледі. Бұл – керемет мәдени алмасу.

Ұлыбританияның Ұлттық күні Астанаға корольдік отбасының мүшелері келеді деп күтіп отырмыз. Ал мәдени бағдарламада еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған бишілеріміз өнер көрсетпек. Көрерменге британдық музыка мен би ұсынылады. Біз сондай-ақ, мазмұнды экономикалық бағдарлама да әзірледік. Мысалы, Лондон қаласының лорд-мэрімен бірге Қазақстан астанасына ірі бизнес-делегация келеді. ЕХРО өткен соң мұнда Қаржы орталығы құрылады. Біз сол мекеме қызметінің аясында белсенді ынтымақтастыққа үміттенеміз.

ЕХРО көрмесі сияқты ауқымды шаралардың маңызы зор деп ойлаймын. Осында келген әр адам Қазақстанның «жасыл» энергетикаға көшу туралы ойланып қана қоймай, нақты әрекет етіп жатқанына куә болады. Бүгінгі күні көптеген елдерде мұнай мен газдың мол қоры бола тұра, олар да жаңартылатын қуат көздерін дамытуды қарастырып отырғанын көріп отырмыз. Қазақстанда баламалы энергетиканы ауылда да, қалада да дамытуға мүмкіндік мол. Сіздің үкімет осы бағытта әлемдегі ең үздік, ең тиімді технологияларды анықтауға құлшына кіріскені анық.

осындай маңызды шараның Астана қаласында өткізгендеріңізге алғыс айтқым келеді. Мұнда көп халық келіп, көшеде көлік кептелістері жиілеп, өмір сүру қиындай түскені белгілі. Бірақ жергілікті тұрғындар көрменің мән-маңызын түсінеді деп ойлаймын. Бұл шараның әсері ұзаққа барады, өйткені оның тақырыбы ауқымды. Ал оны өткізу үшін салынған нысандар болса, қаланы көріктендіріп, сәулетін байыта түсті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер