Энергия алу үшін ЕХРО келушілеріне біраз күш жұмсауға тура келмек. Мұндай тың тәсілді өз павильонында австриялықтар қолданыпты. Велосипед сынды түрлі спорттық құрылғыларды іске қосып, жеткілікті электр қуатын жинаған соң ғана, экрандағы Австрия жайлы бейнені тамашалауға болады.  «Басты идея – болашақ энергиясы – бұл сіз бен біз», дейді павильон иелері. 

 

РИХАРД ШЕНЦ, АВСТРИЯ ҰЛТТЫҚ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ КОМИССАРЫ:

 - «Жасыл» технологияларды пайдалану қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтарды азайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді. Еліміздегі әрбір 20-сыншы жұмыс орны осы салаға тиесілі.  Біз павильонымыз арқылы адамдардың энергияға ұқыпты қарап үйренулеріне түрткі болғымыз келді. Павильон, негізінен, отбасыларға арналған. Алайда бизнес бағдарламамыз да жоқ емес.

Келушілер суды қайнату үшін немесе жарты сағат бойы теледидар көру үшін қанша энергия жұмсалатынын да байқай алады. Сондықтан 900 шаршы метрді алып жатқан Австрия павильонын техникалық музей десе болады. Австрия «жасыл» технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшылардың қатарында. Олар 2030-шы жылға дейін толықтай жаңғыртылған энергия көздеріне көшуді жоспарлауда. Төменгі Австрия аймағының бұл жүйеге көшкеніне осымен 2 жыл. 2015 жылдан бері ол жерде энергия тек баламалы жолмен алынады.

 

БЕРНАДЕТТ ГЕРЛИНГЕР, АВСТРИЯНЫҢ ҒЫЛЫМ, ЗЕРТТЕУЛЕР ЖӘНЕ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Қазіргі таңда Австрия қалдықтарды өңдеу мен энергия тиімділігі  бойынша озық 10 елдің қатарында. ЕХРО-2017-дегі «Үздік тәжірибе алаңында» 3 австриялық компания болады. Олар күн энергиясы,  гидроэнергетикада судың көтерілу және қайту күшін пайдалану технологиясы мен күн батареялары орнатылған рикшаларды ұсынбақ. Жалпы біздің елімізде энергияның 78,8 пайызы  баламалы энергия көздерінен өндіріледі.

 

ГЕРХАРД САЙЛЛЕР, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АВСТРИЯ ЕЛШІСІ:

 - ЕХРО барысында австриялық ноу-хау қазақстандық павильонда да қолданылды. «Сфера» біздің компанияға берілген тапсырыс бойынша 380 күн панельдерімен жабылды. Жалпы алғанда 1500 текше метр фотоэлектрлік панельдер бүкіл ғимаратқа қажетті энергияны өндіреді. Сондай-ақ, тағы бір австриялық компания өзінің бір жарым шақырым болатын құбырларының көмегімен бүкіл ЕХРО ауылын сумен қамтамасыз етіп отыр.

Қазақстан мен Австрия «жасыл» технологиялар бойынша ғана емес, сан түрлі салада әріптестік орнатуға мүдделі. Көрмедегі Австрияның ұлттық күні аясында Қазақстан-Австрия экономикалық форумы ұйымдастырылды.  Оған 70-тен астам австриялық компания қатысты. Қазақстандық тарап болса, меймандарды елімізде инвесторларға жасалған жеңілдіктермен таныстырып, әріптестік орнату үшін маңызды салаларды айқындады. 

 

ЕРЛАН ХАИРОВ, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Еліміздің химия, мұнай-химия, металлургия, құрылыс материалдарын өндіру және машина жасау сынды салаларына  инвестиция жасаған инвесторлар салықтың 3 түрінен босатылады. Корпоративтік салықтан – 10 жылға, мүлік салығынан – 8 жылға және жер салығынан 10 жылға босату көзделген. Алайда бұл шарттардың орындалуы үшін инвестиция көлемі 13 млн доллардан асуы тиіс.

Австрия мен Қазақстан табиғи ресурстарды тиімді пайдалану саясатын ұстанады. Австриялық компаниялар қоршаған ортаның ластануымен күресу және қалдықтарды басқару бойынша тәжірибе бөлісуге әзір. Жобаларды жүзеге асыру барысында Қазақстанның ерекшелігі ескерілмек. Алдымен тиісті зерттеулер жүргізіліп, кейін біздің қалаларға бейімделген нақты шешімдер ұсынылатын болады.

 

ЕКАТЕРИНА ШПЕХТ, АВСТРИЯЛЫҚ КОМПАНИЯНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 - Біз коммуналдық техника мен  суды тазарту құрылғыларын шығарамыз.  Компаниямыз 80 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істейді. Әлемнің бірақатар елдерімен әріптестік орнаттық. Австриялық баспасөз құралдарында Қазақстан жайлы, Астана туралы жиі жазады. Еуропалық инвесторлар көптеп келуде. Біз де қазақстандық компаниялармен жұмыс жүргізуге әзірміз.

Айту керек, соңғы 10 жылда Австрия Қазақстанға 2,8 млрд доллар инвестиция бағыттаған. Қазіргі таңда 150 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде. Ал екі ел арасындағы тауар айналымы болса,  1,2 млн доллар шамасында. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер