ЕХРО қалашығындағы «Нұр Әлем» павильоны 8 қабаттан тұрады. Әзірге әлемде мұндай сфера түріндегі ғимарат жоқ. Сондықтан, оның сәулеттік шешімі мен келбеті шетелдіктердің аса қызығушылығын тудырып отыр. Павильонға келгендер қазақтың қиял ғажайып ертегі әлеміне еніп кетеді. Жыл мезгілдерінің ауысуы, ертегідегі айдаһар мен самұрық, Бәйтерек арқылы ізгіліктің зұлымдықты жеңгені жайындағы көрініс те ешкімді бей жай қалдырмасы анық. Павильонның екінші аумағы «жасампаз энергия» деп аталады. Мұнда келешекте баламалы энергия көзі арқылы іске асырылатын жобалармен танысуға болады.

Келушілерге аса әсер қалдырған дүниенің бірі «ТОКАМАК» бірегей жобасы. Мәселен, мына қондырғы келешектегі термоядролық, ядролық реакторлар мен технологиялық құрылғылардың материалдарын ғылыми-зерттеу және сынақтан өткізу үшін қолданылады.

 

АЗАТ ӘКІМТАЙ, «НҰР ӘЛЕМ» ҰЛТТЫҚ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ СТЕНДИСІ:

 - «ТОКАМАК» Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласында орналасқан. Бұл ұлттық ядролық орталық жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады. Онымен 30- дан аса мемлекет жұмыс істейді.

 

Ұлттық павильонның жасампаз энергия деп аталатын аумағына қазақстандық ғалымдардың 50-ден аса жобасы қойылған.

Қазақстан павильонының екінші қабаты су энергиясына арналған. Дүние жүзінде өндірілетін жалпы қуат көзінің 16,4 пайызы гидроэлектр станциялардың көмегімен өндіріледі. Ұлттық павильонға келгендер судың «тіршілік нәрі» деп неге аталатынын сөзсіз-ақ көз жеткізе алады.  Ал қабырғадағы экрандардан жоғарыдан төменге қарай аққан сарқыраманы көресіз.

 

ӘЙГЕРІМ ҚАЛМҰХАММЕДОВА, СТУДЕНТ:

 - Шын сарқыраманың астында тұрғандай сезінесің, және де ол өте әсерлі. Бұл сарқырамалар энергияның басты көзі болып есептеледі.

Мамандандырылған көрме болған соң әлемдегі озық жобаларды таныстыру жолға қойылған. Өзендегі гиперкинетикалық турбина деп аталатын қондырғыны біреу білер, біреу білмес. Мұнда жан-жақты таныса аласыз. Су астына сүңгитін алып кеме каютасынан жан-жағыңызға көз тастап, алыс, жақындағы ғылыми жаңалықтардан да хабардар боласыз.

Сфераның үшінші қабаты кинетикалық энергия тақырыбына бағытталған. Онда жаһандану заманындағы озық технологиялар ұсынылған. Мәселен, мына кардиостимуляторды алайық. Осы технолгия арқылы талай адамның өміріне араша түсуге мүмкіндік пайда болды. Алайда  электрондық құрылғыны үнемі зарядтау үшін батарея қажет. Енді бұл үрдіс  профессорлардың арқасында жүрек соғысының көмегімен қуатталуға мүмкіндік алды.

«Ал мына аяқ киімнің ерекшелігі неде?» дейсіз ғой. Кинетикалық ұлтарақ сіз жүрген сайын  қуат көзін өндіреді. Сәйкесінше сіз ұялы телефоныңызды қуаттай аласыз. Жүгіруге арналған серіппелі кроссовкалар жылдамдығыңызды арттырып, шаршау сезімін басады.  Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін энергетикаға ерекше ықылас танытты. Дүйім дүние көз тіккен шараға арнайы келген шетелдіктерде таңданысын жасыра алмады.

 

СИНГ ЯСПАЛ, ТУРИСТ /ҮНДІСТАН/:

 - Сіздің елдегі ЕХРО-ның деңгей-дәрежесін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазақстанға ағылған азаматтардың барлығы заман талабына сай технологияларға куә болып отыр. Қазақстан Президенті өте өзекті тақырыпты көтерді. Ұйымдастыру деңгейі жоғары, Ал  басты кешеннің кескін-келбетіне көз тоймайды. Мен өзге де  достарыма Қазақстанға келуге кеңес беремін.

Ақылды көше шамдары да көзі қарақты көпшіліктің назарынан тыс қалған жоқ. Күн батареялары мен кинетикалық пластиналар үйлесімді қолданылады. Адамдар аяқ астындағы тақтайшаны басқан сайын күн батареялары шуақты сәуле жинайды. Нәтижесінде таза әрі тегін энергия пайдаланылатын болады. Осылайша, электр қуатын үнемдеудің бірегей үлгісі ұсынылды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер