ЕХРО-2017 көрмесі шеңберінде халықаралық энергетикалық конференция өтті. Қазақстан, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Швецария ғалымдары болашақ энергиясы тақырыбы төңірегінде пікір алмасты. Мамандар «Мемлекеттік қолдаусыз жаңартылатын энергия көздерінің бәсекеге қабілеттілігі қандай болмақ?» деген сауалға қатысты өз болжамдарын ортаға салды.

 

АНТОН АТРАШКИН, ЕХРО-2017 КӨРМЕСІНДЕГІ РЕСЕЙ БАС КОМИССАРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алдағы бес жылда Ресей мен Қазақстан сияқты елдердің отын баласында жаңартылатын энергия көздерінің үлесі төрттен бірге жетеді деген болжам бар.  Әрине, болашақта адамзат баламалы энергетикаға көшеді дегенмен келісемін. Ол үшін арзан күн батареяларын, арзан жел генераторларын жинап, сол қуатты сақтауды үйренуіміз қажет.

 

Сарапшылар әлем елдеріне оңтайлы энергетикалық баланс ұстануға кеңес береді. Ол дәстүрлі және жаңартылатын қуат көздерінің үздік тәжірибелерінен құралуға тиіс.

 

РҮСТЕМ ҚАБЖАНОВ, «KAZENERGY» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Дәстүрлі энергетика мен баламалы энергетика қарама-қайшы ұғымдар емес. Жаңартылатын энергия көздерінің артықшылығы – ол көмірқышқыл газ сияқты зиянды заттар өндірмейді, бірақ электр қуатымен тұрақты негізде қамтамасыз ету керектігін де назардан тыс қалдырмау керек.

 

Тағы бір маңызды мәселе – жаңартылатын энергетика жобаларын қаржыландыру. Оған көшу қыруар қаржыны қажет етеді. Мысалы, Қытайда мемлекет тарапынан бөлінетін субсидияға үміт артуға болады. Алайда «жасыл» экономикаға жеке қаржыны тарту маңызды, дейді сарапшылар. Олардың пікірінше, іскерлер жаңартылатын қуат көздерін дамыту тиімді екенін түсінген кезде жаңа «жасыл» энергетиканың дәуірі басталады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер