ЕХРО көрмесіне қатысатынын алғашқы болып растаған елдердің бірі – Франция. Еуропалық республика павильонының аумағы 1 мың шаршы метрден асады. Осы аумақта технологиялық экоқала қанат жайды десек артық болмас. Мұнда Францияның ең үздік компаниялары бүгінде бүкіл әлемде қолданылып жүрген озық жетістіктерімен қатар, жаңа жобаларын да таныстырды. Павильонның бас комиссары ПаскАль ЛорОның айтуынша, олар энергияны үнемдеп тұтыну мәселесіне ЕХРО көрмесі қонақтарының назарын аударып, климаттың өзгеруін баяулатуға мүмкіндік беретін шешімдер ұсынуды жөн көріпті.

 

ПАСКАЛЬ ЛОРО ФРАНЦИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ БАС КОМИССАРЫ:

- Біз Астанаға өзіміздің ең үздік инновацияларымызды ала келдік. Соның ішінде экомобиль де бар. Оған отынмен де, электр қуатымен де жүретін гибридті мотор орнатылған. Концепт-карды жоғары технологиялық және энергия үнемдегіш деп толық сеніммен айта аламыз. Тіпті көліктің сырты мен ішінде де экологиялық таза материалдар қолданылды. Бұдан өзге, ақылды қалаларда пайдаланылатын технологияларымызды да ала келдік. Мысалы, арғы жағындағы бейне көрінетін технологиялық бетон, тіпті өсімдік егіп, өсіруге болатын бетонның түрі де бар. Сондай-ақ, қалдықтарды энергияға айналдыратын конструкция үлгілерін де таныстырамыз.

Сұрақ: Сіздің павильонда ұсынылған инновациялар Францияда қаншалықты танымал және ол жобалар тәжірибе жүзінде қолданысқа енгізілді ме?

 

ПАСКАЛЬ ЛОРО ФРАНЦИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ БАС КОМИССАРЫ:

– Жоғарыда атап өткен автокөлік прототип болып табылады, жақында оның өндірісі қолға алынады. Ал ақылды бетонға келетін болсақ, бұл технология Францияда және басқа мемлекеттерде бұрыннан кеңінен қолданылып келеді. Сондай-ақ, біздің павильонда енді пайдаланыла бастайтын жобалар да бар. Мысалы, күн энергиясының синтезімен айналысатын ИтЭр халықаралық компаниясы біраз жаңалықтарын ала келді. Осы компания 2025 жылы өзінің термоядролық реакторын іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба сәтті жүзеге асса, мұнай, газ, көмірдің орнын басатын сарқылмайтын энергия көзіне қол жеткіземіз.

Сұрақ: Өз павильонындағы жетістіктерден өзге, Франция ЕХРО қонақтарын тағы қалай таң қалдырмақ?

 

ПАСКАЛЬ ЛОРО ФРАНЦИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ БАС КОМИССАРЫ:

– 21 маусымда біздің павильонда Францияның Ұлттық күні өткізіледі. Біз бұл датаны бірнеше себеппен таңдадық. Дәл осы күні Францияда музыка күні атап өтіледі. Бұл – ұзақ жылдар бойы үзбей сақталып келе жатқан жақсы дәстүр. ЕХРО-дағы Францияның Ұлттық күні музыка тақырыбы төңірегінде ұйымдастырылмақ. Біз қонақтарға өз еліміздің музыкалық мәдениетін паш етпекпіз. Францияның түкпір-түкпірінен өнер ұжымдары келелі. Қазақстандықтар және қонақтар біздің халық әндерімізге сусындап, тіпті кабарэ өнерін тамашалауға да мүмкіндік алады. Осының бәрі – француз мәдениетінің үлгілері.

Сұрақ: Франция ЕХРО-ға қатысуды жақсы дәстүрге айналдырған. Ұзақ жылдар бойы сіздің ел осы көрме арқылы өз жетістіктерін таныстырып келеді. Астанадағы шараның ұйымдастырылуын қалай бағалайсыз?

 

ПАСКАЛЬ ЛОРО ФРАНЦИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ БАС КОМИССАРЫ:

– Қазақстанға қысқа уақыт ішінде тұтастай кешен салып, оған 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйымның павильонын орналастыру керек болды. Бұл міндетті сіздер мінсіз орындап шықтыңыздар. Ұйымдастырушыларды осы жетістіктерімен құттықтау керек деп ойлаймын. Иә, біздің осындай шараларға қатысу, оларды ұйымдастыру бойынша тәжірибеміз мол екені рас. Мен қазақстандық көрме халықаралық стандарттарға толықтай сай деп айта аламын.

Сұрақ: Париждегі атақты Эйфель мұнарасы ЕХРО-ға арнап салынғаны белгілі. Астанадағы «Нұр Әлем» сферасы сол сияқты бүкіл әлем танитын көрікті ғимаратқа айналуы мүмкін бе?

 

ПАСКАЛЬ ЛОРО ФРАНЦИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ БАС КОМИССАРЫ:

- Біздегі Эйфель мұнарасы Францияның символы ғана емес, ол - бүкіл әлемде бәрі танитын көрікті нысан. Бірақ оның құрылысы басталғанда француздардың көбі жақтырмай, сын айтқан. Арада жылдар өтіп, Эйфель мұнарасы адамдардың жүрегін жаулап алды және оны қазір барлығы біледі. Сондықтан барлығына уақыт қажет сияқты. Меніңше, Астанадағы «Нұр Әлем» сферасы да танымал ғимарат  атануы әбден мүмкін. Қалай болғанда да ол Астананың, Қазақстанның символына айналары хақ. Бірақ айттым ғой, бұл үшін уақыт қажет. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер