ЕХРО-2017 «Болашақ энергиясы» көрмесіне қатысып жатқан Израиль кенге бай болмаса да, ақылға жүгінген ел. Олар жел, су, күнді де, тіпті тұрмыстық қалдықтарды да қуат көзі ретінде тұтынады. Келешекте Израиль энергетикадағы сұраныстың 10 пайызын жасыл энергия есебінен қанағаттандыруды жоспарлап отыр. Елде 200-ден астам жоғары технологиялық компания бар. Жасыл энергияны дамытатын да солар. Ал Израиль парламенті баламалы қуат көзін тұтынады. Сол себепті әлемде «жасыл парламент» саналады.

 

ЭЛАЗАР КОЭН ИЗРАИЛЬ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ КОМИССАРЫ:

 - Астана ЕХРО сы біздің мемлекет үшін аса маңызды тақырып таңдады. Біз ғана емес, бүкіл әлем баламалы қуат көздерін дамытуға мүдделі. Ашылу салтанаты, жалпы ұйымдастырылуы қандай да бір мадаққа лайық дер едім. Дүние жүзін өзекті мәселені талқылауға жұмылдырғаны да керемет. Біздер бұл саланы біршама игердік. Біздің павильонға келгендер жеткен жетістігіміз бен алдағы жоспарларымыздан толық мағұлмат алады.

Оңтүстік Кореяның көрме-павильоны аумағы жөнінен ең үлкен алаңдар қатарына кіреді. Таң самалы елінің инноваторлары қонақтарын энергетикалық орманмен таңқалдырды. Бұған қоса, сумен жүретін машина және баламалы энергия көзінен қуат алатын ұшақ бар. Корея елі жасыл технологияны дамыту жағынан әлемде көшбасшылар қатарында. Павильондарының тақырыбы «Болашақ энергиясы. Ақылды өмір».

 

КИМ ДЖЕ ХОНГ, KOTRA ДИРЕКТОРЫ:

 - Біздің павильонда жаңа энергия көздеріне саяхат жасай аласыздар. Сондай-ақ, біз күн, жел энергетикасы саласында соңғы үлгіде жасалған жобаларымызды алып келдік. Мұнда энергия көздерін тиімді сақтау технологиясы мен сандық технологиялар да бар.

Жасыл экономикаға мықтап бет бұрған елдің бірі - Венгрия. Мажарлықтар тұтынатын қуатының 15 пайызын баламалы жолмен алады. Бар тәжірибесімен елорда төрінде бөлісуге дайын. Мадиярлар өз павильонында өсімдік энергиясын тиімді пайдалану нышаны ретінде «Өмір ағашы» механизмін көрсетіпті. Қалаған жан өз тілегін қағазға жазып, ағашқа іледі. Түрлі-түсті ленталар энергия көздерін білдіреді.

 

МИХАЙ ВАГРА ВЕНГРИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

 - Біздің ел қазақ халқы секілді ауылшаруашылығымен айналысуға еті үйренген. Сондықтан биоқалдықтарды текке қалдырмай, одан қуат өндіруді үйрендік. Венгрияда емдік шипалы су көздері де көп, тұрғын үйлердің көбін  термалдық энергиямен жылытамыз.

Мадиярлар қазақтармен туыстығының құрметіне көрме аясында «қыпшақтар күнін» өткізбекші. Кезінде Шыңғысханның тұсында Қазақстаннан қаншама қыпшақ Венгрияға ауып кеткені белгілі. Венгрлік ғалым Биро Андраш қазақтар мен мажарлардың туыстығын гендік зерттеумен дәлелдеп берген. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер